Елші С.Әбдікәрімов Прагада Кеңес сарбаздары мемориалына гүл шоқтарын қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 мамырда Ұлы Жеңіс күніне орай Қазақстанның Чехиядағы Елшісі С.Әбдікәрімов, Чех Республикасының басшыларымен бірге, ТМД елдерінің дипломатиялық миссиясы басшыларымен, қоғамдық ұйымдармен, «Ольшаны» қалалық зиратында Кеңес сарбазы мен Чехословакия жауынгерлері мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Аталған шараға чех тарапынан Парламент Сенатының төрағасы М.Штех, Парламент депутаттары палатасының төрағасы Я.Гамачек, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, чехословакияны жаудан азат еткен соғыс ардагерлері, сондай-ақ ЧР мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдардың басқа да өкілдері қатысты.

Салтанатты шарадан кейін құрбан болған жауынгерлердің құрметіне отшашу жасалды. ҚР Елшілігінің қызметкерлері және Кеңес Одағының батырлары старшина М.Жүнісов, сержант Т.Зайнуллин, қатардағы жауынгерлер Ж.Әжімов, Б.Нұржанов, М.Сапарбаев, А.Баев жатқан қазақ жауынгерлері зиратына жеке гүл шоқтары қойылды.