«2012 жылдың қарашасымен 2016 жылдың қаңтары аралығында А.Сейдуалиев Қазақстанның Респуликасының Беларусьтағы елшілігінде аға есепші қызметін атқарды. 2015 жылы желтоқсан айында Минск қаласындағы ҚР елшілігінің жаңа ғимараты салынғаннан кейін қабылдау комиссиясы ақшаның жетіспеушілігін анықтаған. Ол туралы елші Е.Бөлегенов ҚР Сыртқы істер министрлігіне хабардар етті. Осыған байланысты 2016 жылы қаңтар-ақпан айларында елшіліктің қаржы-шаруашылық қызметіне тексеріс жүргізіліп, тисті материалдар Бас прокуратураға жолданған болатын», - делінген ресми ақпаратта.
2016 жылы мамыр айында ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті мен ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті аталған заң бұзушылықтарды растап, А.Сейдуалиевке қатысты барлық материалдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюроға жіберген. Бүгінде елшіліктің жаңа ғимараты толығымен пайдалануға берілді. Бас мердігер - «АктивБизнесПлюс» тарапынан барлық міндеттемелер орындалды. Беларусьтағы Қазақстан елшілігі тергеу шараларына барынша атсалысып келеді.
Айта кетейік, күні кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюросы Беларусьтағы Қазақстан елшілігінің аға бухгалтері А. Сейдуалиевтің ұсталғанын хабарлаған. Ол 2012-2015 жылдары аралығында елшілік ғимаратының құрылысын жүргізген бас мердігер «АктивБизнесПлюс» ААҚ-қа жалған шығыс кассалық ордерлер жасау жолымен бюджеттің 207 мың доллар қаржысын ұрлаған. Бұдан бөлек, Сейдуалиев аталған кезеңде Беларусь Республикасының салық органдарының елшілікке қосарланған құн салығы ретінде қайтарылған 474 883 АҚШ долларын да заңсыз иемденіп кеткен. Ұрланған қаржының жалпы сомасы 681 883 долларды құрайды. Қазіргі уақытта А.Сейдуалиев ҚР ҚІК 128-бабына сәйкес Астана қалалық ІІД-нің уақытша оқшаулағышына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.