Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді — сенатор

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл пікірді Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев айтты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі. Соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады, — деді Ғ. Сарыбаев.

Осы орайда ол Президент құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән беріп отырғанын атап өтті.

— 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл — еліміз бен жеріміз азаматтарымыз үшін қауіпсіз екенін көрсетеді, — дейді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор екенін атап өтті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек екенін айтты.