23 жастағы Ә.Ғалиахметов ересектер арасындағы Олимпиадаға алғаш рет қатысып, бірінші мүмкіндігінде-ақ финалға жолдама алды.
Кеше ол шорт-тректен 1500 метрге жүгіріп, 8-орынға табан тіреді.
«Кеше біздің құрама үшін жақсы күн болды деп айта аламыз. Әділ Ғалиахметов жекелей сында 1500 метрде жақсы нәтиже көрсетіп, бәрімізді қуантып, ақтық сайысқа шықты. Ақтық сайысқа шыққан спортшылардың деңгейін сараптап қарасақ, әлемнің ең мықтыларының, талай медальға ие болып жүрген спортшылардың арасында 20-дан жаңа асқан Әділ баламыздың болуы – қазақ елі үшін қуанышты көрініс болды», - деді Е. Қанағатов ZOOM-конференцияда.
Өз сөзінде спикер қазақстандық жаттықтырушы Мәдіғали Қарсыбековтың еңбегін ерекше атап өтті.
«Шорт-тректің қандай спорт екенін білесіздер. Әділ алға озып шыққанда бәріміздің жүрегіміз тарсылдады. Бірақ спорттың ең соңғы кезеңдері аса маңызды. Сондықтан, осындай нәтижемен шын жүректен құттықтаймыз, бұл - шорт-тректегі тарихи жетістік. Бұл жерде жаттықтырушы Мәдіғали Қарсыбековтың еңбегін атап өткім келеді. Қазақстандағы шорт-тректі дамытып, басынан бастап, ақырына дейін жұмыс атқарып келе жатыр. Иә, бұл жұмыс оңай емес. Алып мемлекеттер ішінде жаттығушылармен қарым-қатынас орнатып, жақсы жаттықтырушыларды кеңесші ретінде командаға тарту да оңай емес. Ал енді жалпы шорт-тректе әлі де жақсы жарыстарымыз бар. Соған бәріміз жанкүйер болайық», - деді Е. Қанағатов.
Бұған дейін шорт-трекші Әділ Ғалиахметов сұрақтарға жауап беріп, әлі де тәжірибе жинақтау керегін айтқан еді.
«Менің тәжірибем жетпей қалды деп ойлаймын, өйткені шорт-тректің өз ерекшеліктері бар. Қарсыластар басып озғанда үлкен жылдамдықпен өте шығады. Оған іліну үшін өзіңе де жылдамдықты арттырып, сәл шетке шығу керек. Бәлкім осыны жасауға тәжірибем жетпеген шығар, енді жылдамдық арттырайын десем, мені басып озып кеткендер көп болды. Бәрі өз кезегімен және әр ойын сайын шеберлігім шыңдала түседі», - деді спортшы.
Ертең спортшы 500 метрлік жүгіру жарысына қатысады.