Елсияр Қанағатов: Бұл жүлденің басы ғана...

None
САППОРО. ҚазАқпарат - Бүгін Саппоро қаласында Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовпен ҚазАқпарат тілшісіне VІІІ қысқы Азия ойындары жайында өз пікірімен бөлісті.

«Жарыстың көрігі енді қызады. Міне, бүгін қоржынымызға алғашқы медаль түсті. Алдағы күндері бұдан жоғары жетістіктер күтіп тұр деп ойлаймыз. Жалпы, спортшыларымыздың дайындығы жаман емес. Елге медальсыз қайтпаймыз деп сөз берген едік. Бүгін соның алғашқысына қол жеткіздік. Әлі қаншама күндер бар. Бұл жүлденің басы ғана», - деп атап өтті Спорт комитетінің төрағасы Елсиар Қанағатов.

Сонымен қатар Комитет Саппороға негізінен жас спортшыларды негізге алып келгенін де айтып өтті.

«Біздің көптеген мықты спортшыларымыз әлем чемпионатына жолдама беретін әлем кубоктарына қатысып жатыр. Саппороға негізінен жас спортшылар келді. Қазір спортшыларымыздың дайындығы өте жақсы.  Жастарымыздың ішінде де мықтыларымыз бар. Сондықтан алдағы уақытта қоржынымызға әлі талай медальдар түседі деген үміттеміз», - деп атап өтті ол.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін шаңғыдан әйелдер арасында классикалық стильдегі спринттік жарыстан Елена Коломина қазақстандық спортшылардан алғашқы болып күміс жүлдені жеңіп алды.