Елтаңба бейнесі түсіме кірген еді - Шота Уәлиханов
- Шота Ыдырысұлы, ең алдымен Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығымен Сізді құттықтағымыз келеді. Жыл сайын 4 маусымда қандай сезімде боласыз?
- Бұл күн мен үшін ерекше. Тарихқа сүңгіген жиырма бес жылдық жол - қас-қағым сәтте өте шықты. Ал мемлекетіміз үшін бұл маңызы ештеңемен де өлшеуге келмейтін айтулы оқиғаға айналды. Егемендік, мемлекеттіктің қалыптасуы, ашық демократиялық қоғам құру. Бұл жылдар ішінде өмір де, идеология да, тіпті адамдардың ойлауы да түп-тамырымен өзгерді.
Басты жетістігіміз Қазақстанды егемен әрі тәуелсіз, бейбіт өмірге ұмтылған мемлекет ретінде әлемдік қауымдастыққа таныта алдық. Мен Қазақстан Республикасының алғашқы қалыптасу жылдары геральдика саласындағы жұмысқа бар күшімді салдым. Көптеген республикалық рәміздер мен эмблемалар жасадым. Оның ішінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының эмблемасы, Қазақстан тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының эмблемасы және тағы басқалары бар.
Бұдан бөлек, Алматы қаласының эмблемасы, «Алматы қаласының құрметті азаматы», «Отан», «Алтын қыран», «Құрмет» және «Парасат» ордендері жобаларын да жасап шықтым. Осы жұмыстар сериясы үшін Қазақстан Сәулетшілер одағының алтын медалімен марапатталдым. Өткен кезеңде ҚР Елтаңбасы, ҚР Президентінің Жеке Штандарты секілді бірқатар мемлекеттік рәміздерді жасауға ынта-шынтаммен кірістім.
1993 жылы 18 қаңтарда дайындалып жатқан штандарттың нұсқаларын қарау кезінде Президент қанатты қар барысындағы жігіттің бейнесіне негізгі элемент ретінде назар аударған болатын. 1995 жылдан бастап 2012 жыл аралығында ҚР Президенті Штандартының осы нұсқасы Тәуелсіздіктің нышаны ретінде қызмет етті. 2013 жылы оған Мемлекеттік Елтаңба бейнесін енгізіп, Штандарт өзгертілді. Бүгінгі бейне - сол. Сосын тіпті Республикамыздың Мемлекеттік Туын жасауға қатысып, байқауда құрметті екінші орынды иеленген едім.
- Мемлекеттік рәміздерді жасағанда идеяңызға нені негіз етіп алдыңыз?
- Қандай дүние жасасам да халық дәстүріне, тарихына, әлемдік тәжірибеге сүйендім. Ешқандай бейнені көшіріп алған жоқпын, әдісін, қағидаттарын зерделедім, өз жолымды іздедім. Бастысы, мемлекеттік рәміздер көз тартарлық, нағыз өнер туындысы болып шығуына баса мән бердім.
- Әріптесіңіз Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаға қатысты жарияланған байқау туралы газеттен оқып-білгенін айтты. Ал Сіз қайдан білдіңіз?
- Шындығында, Елтаңбамен Қазақстан тәуелсіздігін ресми жариялағанға дейін біраз бұрын айналыса бастағанмын. 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады. Оның артынша Жоғарғы Кеңес Президиумының шешімімен Қазақ КСР-ның Елтаңбасы, Туы және Әнұранына өзгерістер енгізу ұсыныстарын дайындау бойынша жұмыс тобы құрылды.
Оның бірінші отырысы 1991 жылғы 15 қаңтарында өтті. Онда Республиканың мемлекеттік рәміздерінің үздік эскизіне байқау жарияланатын болып шешілді. Бұл жайында бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланды. Сол сәттен бастап газеттерде республиканың мемлекеттік рәміздері қандай болуы керек деген мақалалар жариялана бастады. Соның ішінде барлық отандастарды шығармашылық талқылауға шақыра отырып, мәдени қоғамдастықпен мен де өз әзірлемелеріммен бөліскем. Менің нұсқамдағы Мемлекеттік Елтаңбаны жасау тарихы өте әсерлі.
Болашақ Әнұран жасаудағы алғашқы идеям «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Советы Казахстана» республикалық газеттерінде және «Ақиқат» журналында жарық көрді. «ЭКСПРЕСС» газетіне берген сұхбатымда республиканың тарихымен байланысты, барша елді бейнелейтін Қазақстанның жаңа Елтаңбасының нұсқаларымен жылдан аса жұмыс істеп жатқанымды айттым. Осы уақытта Қазақстанның күллі тарихында алғаш рет Байқоңыр ғарыш айлағынан халықаралық экипаж құрамындағы бортта алғашқы қазақ ғарышкерімен «Союз» зымыраны ұшырылатыны белгілі болды.
Содан бірнеше күн бұрын жұмыс нұсқаларымның біріндегі естелік белгіні Баспасөз және ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов арқылы сәтті ұшуын тілеп қазақстандық ғарышкерге беруді ұйғардым. Белгіде қара шаңырақ - Отанымыздың нышаны ретінде шаңырақ бейнесін енгіздім. Жиектеріне самғау нышаны - қанаттар бейнеленді. Бір қанатында «Тоқтар» (Әубәкіров), екінші қанатында «Талғат» (Мұсабаев) деп жазылды. Өзімнің естелік белгіме олар екеуі де аспанға біздің үйіміздің Шаңырағы - Қазақстанды апара жатқан халқымыздың қанаттары деген жазба қалдырдым. Менің естелік белгім бұл оқиғаға дөп келді. 1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров қазақтан алғашқы болып ғарышқа ұшты. Ол бұл белгіні Қазақстанның ғарыш эмблемасы етуге ұсыныс ретінде мемлекеттік комиссияның (оған Кеңес Одағының батыры - Ғарышкерлерді дайындау орталығының бастығы В. Шатлов, П. Климук және экспедиция басшысы, КСРО ұшқыш-ғарышкері А. Леонов кірді) қарауына енгізді. Бұл ұсынысты комиссия бірауыздан қабылдап, бекітті. Эмблеманың кішірейтілген нұсқасы жасалды, оған экипаж бен дублерлар қол қойды. Т. Әубәкіров скафандрына оң жақтан КСРО Гербі, сол жақтан - Қазақстанның жаңа ғарыш эмбелмасы бекітілді.
Дәл осы нұсқаны Республикамыздың болашақ Елтаңбасының бірінші нұсқасы деп есептеу керек. Міне, осылайша еліміздің мемлекеттік Елтаңбасы әлем картасында тәуелсіз Қазақстан пайда болмай тұрып жасалды.
1991 жылдың 10 қазан күні Тоқтар Әубәкіров жерге оралғаннан кейін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшып бара жатып, өзіммен бірге Туған Жерімнің бір уыс топырағын алып кеткен едім. Аспанның өзі ұзақ өмір сүрсін деп белгі берді!» деген болатын.
Оның болжамы дұрыс келді - 1991 жылдың 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданып, оның ішінде: «Қазақстан Республикасының өзінің мемлекеттік таңбалары - Елтаңба, Ту, Әнұран бар» деген норма болды. 1992 жылдың 2 қаңтар күні жаңа мемлекеттік таңбаларды даярлайтын жұмыс тобы құрылып, тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік таңбаларының үздік жобасына конкурс жарияланды.
- Ұсынылған нұсқаларды қарау рәсімі қалай өтті? Олардың саны аз болмаған шығар?
- Конкурсқа қатысу үшін барлығы 245 эскиздер мен 67 ұсыныстар мен пікірлер берілген. Мемлекеттік Елтаңба, сондай-ақ мемлекеттік Ту жобаларын қарау топтардың әр отырысында 2 кезеңнен өтті: отырыстың бірінші бөлімінде қоғамдастықтың қатысуымен ашық, кейін тек жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен жабық жағдайда өтті. Комиссияның құрамына Парламенттің он екі депутаты (Ж. М. Әбділдин, Ә. Кекілбаев, М. Қозыбаев, С.Сартаев, М. Әуезов және т.б.), үкіметтік мекемелердің жауапты қызметкерлері, ғылым және шығармашылық ұйымдардың бірқатар басшылары кірді.
Жаңа Елтаңбаны дайындау бойынша жұмыс тобының басшысы болып ҚР ҰҒА академигі Салық Зиманов тағайындалды. Геральдиканың - мемлекеттік таңбалардың тарихы мен теориясы мәселелеріне қатты көңіл бөлінді, бұрынғы КСРО кеңістігіндегі елдердің алғашқы тәжірибесінде де осы мәселелер бірінші орында тұрды. 1992 жылы жарияланған конкурс «жабық» болып саналғанымен, ол іс жүзінде ашық жүргізілді. Көптеген авторлар өз жобаларын 1991 жылы конкурс жарияланған кезде де және 1992 жылы да баспаға беріп үлгерді. Жұмыс тобының отырысына жоба авторлары да қатысты. Олардың бірқатары түсінік беру үшін арнайы шақырылды.
Конкурстық іріктеудің барлық кезеңдері - 1991 жылдың 15 қаңтарынан бастап Мемлекеттік Елтаңба жобасының жеңімпаздары жарияланатын комиссияның қорытынды отырысы өткен 1992 жылдың 4 сәуіріне дейін жалғасты.
- Елтаңбамыздың нені білдіретіні аз айтылған жоқ. Алайда, мұны өз аузыңыздан естісек дейміз. Елтаңбаны жасаудағы бастапқы мағынасы қандай?
- Біздің Елтаңба еліміздің дәстүрі мен тарихынан сыр шертеді, ол әлемнің тұтастығы туралы, бейбітшілік жайлы және республикада тұрып жатқан халықтардың ынтымақтастығы туралы түсінік береді.
«Қара шаңырақ символы» - еліміздің Елтаңбасының идеясы мен мағынасын осы сөздер дәл сипаттай алар еді. Біздің әрқайсысымыз оның ежелгі және қасиетті өзегін, жүрегімізге жақын бөлшегін сезінеміз, бұл - қазақ жері мен оның халқының бір бөлшегі.
- Сізге Елтаңбаны дәл осылай жасау туралы ой байқау жарияланғаннан кейін келді ме?
- Жоқ, маған ондай ой 1990 жылдың жаз мезгілінде, кеңес дәуірінде келді. Мен өмір туралы, халқымыз туралы көп ойланатынмын. Елтаңбаның бейнесі түсіме кірді: үлкен ақ самұрық құс қанатын қағып, оның қанаттарының ортасынан жарқыраған күн сәулесі көрінді. Менің көзім жұмылып кетті, кейін көзімді ашсам, күннің Шаңыраққа айналғанын көрдім. Түсімде көрген нәрселерді таңертең қағаз бетіне түсірдім.
Бұндай идея мені еліктіріп жіберді. Тарих туралы, қазақ этнографиясы туралы кітаптар оқыдым. Жұмыс процесінде ауқымды және бай тарихи, археологиялық материал жинақталды. Көркем-бейнелі республикамыздың Елтаңбасы дәстүрмен және еліміздің тарихымымен байланысып, оның жаңа кезеңдегі дамуының гуманистік бағыты мен ерекшеліктерін сипаттауы керек болды. Бір сөзбен айтқанда, өткеніміздегі ұлттық символикамыздың бай әсемдігі Елтаңбамызбен ұзақ әрі көп еңбекті талап ететін жұмыс істеу барысында негізге алынды.
Кез келген төл туынды, соның ішінде Қазақстан Елтаңбасы да үш құрамдас бөліктен тұрады: негізгі идеялық ойдан, композициядан, мәнерлі құралдан. Елтаңбаны жасау барысында осы параметрлерді толықтай ұстандым.
Менің жобамда мынадай концептуалдық элементтер бейнеленді:
Елтаңба пішінінің дөңгелек болуы кездейсоқ емес, себебі бұл пішінді көшпенділер ерекше бағалаған. Бұл өмірдің, мәңгіліктің белгісі. Кеңістігінде көптеген символдар біріккен дөңгелек біруақытта ғарыш пен еліміздің бірлігін бейнелейді. Елтаңбаның басты құраушы бөлшегінің бірі саналатын Шаңырақ - киіз үйдің жоғарғы күмбезі тәрізді бөлігі. Көшпенділер киіз үйдің ішінде жатып, түндікті түріп қойып, Шаңырақ арқылы аспандағы жұлдыздарды тамашалаған.
Шаңырақ - кең түсінікте ғалам секілді әлем символы. Республиканың Мемлекеттік Елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі - елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланысты секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты.
Шаңырақ, қазақтардың түсінігінде үлкен символикалық мағынаға ие. «Шаңырағың биік болсын!» деп тілек айтқанда, барлық халықтың үйлер мен елдердің амандығын тілейді. Шаңырақтың пішіні дөңгелек. Дөңгелек ежелден ірілікті, татулықты және дүниенің үйлесімді тұтастығын білдіреді. Ежелгі түркі әліпбиінде Шаңырақтың дөңгелек болуы отбасы - ошақ қасын білдірген, осы жерден Отан ұғымы шыққан.
Шаңырақ санскриттік чакра - Күннің шуақты шеңбері деген сөзден шыққан. Іс жүзіне келгенде, Шаңырақ дала сағаты - Күннің қозғалу жылдамдығының көрсеткіші болып табылады. Шаңырақтағы белгіге қарап қазақтар жыл мезгілдерін анықтаған. Шаңырақ - Елтаңба жүрегі - ошақ, әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің басты негізі - отбасыны бейнелейді. Аспанға көтерілген және кең жайылған қанаттарымен қорғайтын Шаңырақ еңбектің басты лейтмотивтерінің бірі саналады. Иллюстрациялардағы түсіндірме жазбамда мені ежелгі қазақстандық ескерткіштер, қанатты салт атты, қанатты-мүйізді пырақтар және қанаты бар түрлі мифтік жануарлар бейнеленген Есік, Теңдік, Қарғалы қорғандарынан табылған біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырларға тиесілі алтын бұйымдар шабыттандырғанын көрсеткенмін.
- Елтаңбаның жиегіндегі қанатты тұлпарларды қандай мағынада бейнеледіңіз?
- Барлық адамзаттың тек жерді ғана емес, сондай-ақ ғаламды меңгеру туралы арманы қанатпен байланысты. Қазақта «армансыз адам - қанатсыз құспен тең» деген мақал бар. Тек қазақтарда ғана емес, сондай-ақ көптеген халықтардың болашаққа самғау туралы, биіктерді бағындыру жайлы, алға қойған мақсаттарына жету туралы арманы қанатпен байланысты. Мәселен, ежелгі грек құдайы Ника Самофракийскаяның жеңісі мен Ассириядағы II Саргон сарайындағы қанатты бұқаларды мысалға алсаңыз болады. Пегас атты қанатты арғымақ - Құран мен Інжіл беттеріндегі қанатты періштелер пәктік пен сұлулықтық белгісі, ақындардың шабыттандырушысы. Біздің Елтаңбадағы жарқыраған жұлдыздыңсуреті билікті, өмірде алға жетелейтін сәуле шұғылаларын білдіреді. Әр адамның жол сілтейтін жұлдызы болады, одан тіпті мемлекет те аттап өте алмайды. Біздің Елтаңбадағы жұлдыз басқа белгілер мен символдардан жоғарыда тұр. Демек, тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгілік өмір сүреді. Біздің еліміздің жұлдызы бәрінен биік әрі жарық болып, барлық отандастарымыздың қаншама қиындықтар мен тағдыр тауқыметін бастан кешірген Қазақстанның демократиялық және игілікті жолын жарықтандыратын жолбасшы күшіне сенетініне үміттенемін.
1993 жылдың 18 қаңтар күні Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан мынадай мазмұндағы хат алдым: «Құрметті Шот-Аман Ыдырысұлы. Тәуелсіз мемлекетіміздің Елтаңбасының авторы ретінде сіздің есіміңіз халқымыздың жүрегінде мәңгі қалады. Сізге табыс тілеймін, әрдайым аман болыңыз. Н. Назарбаев, 18.01.1993 жыл». Бұл менің шығармашылық еңбегіме берген Елбасының жоғары бағасы.
- Әңгімеңізге рахмет!