Эльвира Әзімова депутаттарға бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді ұсынды

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова депутаттарға бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді ұсынды.

— Қазіргі уақытта депутаттар бастама еткен бірнеше заң жобасына Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдары мен тұжырымдарына байланысты заңнамалық ұсыныстар топтамасы енгізіліп қойылды, — деді ол.

Осы орайда Конституциялық сот төрағасы заң шығару күн тәртібі аясында депутаттарға мынадай мәселелерді де қарауды ұсынды:

1. Сот процесінде алқабилерді ауыстыру тәртібіне, баланың ұлтын анықтауға және көрсетуге, бала асырап алу институтын жетілдіруге және алименттік міндеттемелерді орындауға қатысты құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, Қылмыстық-процестік, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстерге және олармен байланысты баcқа да заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы.

2. Ойын бизнесін, сондай-ақ мұрагерлік пен сақтандыру мәселелерін реттеудегі құқықтық екіұштылықты жою мақсатында Азаматтық кодекске өзгерістер енгізу туралы.

3. Әлеуметтік кодекске жұмыс істемейтін ата-ананың жас балаға тікелей күтім жасаған уақытын жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілінде есепке алуға, сондай-ақ қазіргі жағдайларды ескере отырып, белгілі бір санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғау тәсілдерін қайта қарауға қатысты өзгерістер енгізу туралы.

4. Сақтандыруға және зейнетақы жинақтарын қорғауға қатысты ережелер бөлігінде азаматтық және әлеуметтік заңнама нормалары арасындағы құқықтық коллизияны жою туралы.

5. Мемлекеттік қызметке кіруге қатысты өтелген немесе алынған соттылықтың құқықтық салдары туралы мәселені қарау.

6. Қазақстан азаматтарының жеке пайдалану үшін көлік құралдарын уақытша әкелуіне;

— жеке және заңды тұлғалардың жер учаскелерін жалдау конкурстарына қатысу шарттарына;
— қылмыстық-атқару жүйесінде адам құқықтарының сақталуына қатысты мәселелерді құқықтық реттеу туралы.

7. Парламенттің келесі сессиясы аясында заң жобаларының тұжырымдамалық негіздемелерін және құқықтық мониторинг нәтижелерін қарау кезінде Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдарын есепке алу туралы.

— Нормалардың құқықтық айқындылығы, мөлшерлестігі және болжамдылығы қағидаты — заңға деген сенімнің негізі және конституциялық құқықтарды тиімді іске асырудың кілті екенін атап өткім келеді. «Заң және Тәртіп» қағидаты «конституциялық заңдылық» ұғымының мазмұнын құрайтын қоғам мен мемлекет өмірінің, жеке тұлғаны құрметтеудің тұжырымдамалық қағидаларына негізделген. Ата Заңның қағидаттары мен нормалары құқықтық тәртіп пен мәдениеттің басты өзегі болып қала береді. Біздің ортақ міндетіміз — тиімді конституциялық бақылау және заңнамалық ден қою арқылы мемлекеттік иммунитетті нығайту, — деді КС төрағасы.

Бұған дейін Эльвира Әзімова Конституциялық сотқа азаматтардан жиі түсетін өтініштерді атаған еді.

Сондай-ақ оның айтуынша, Конституциялық сот қызметіне кіріскеннен бері 400-ге жуық қаулы қабылдады.