Эльвира Әзімова: «Заңды өрескел бұзу» деген ұғымның мазмұны заң деңгейінде белгіленуі тиіс
АСТАНА. KAZINFORM – «Заңды өрескел бұзу» деген ұғымның мазмұны заң деңгейінде белгіленуі тиіс. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты.
«Сот төрелігін іске асырудың конституциялық қағидаттары тұрғысынан судьялардың тәртіптік жауаптылық негіздерін одан әрі нақтылау орынды деп танылды. «Заңды өрескел бұзу» деген ұғымның мазмұны заң деңгейінде белгіленуі тиіс. Заң деңгейіндегі ықтимал шектеулер азаматтың ақпарат алу құқығының болуы мен мақсатына, әсіресе ақпарат пен оның көздері азаматтардың құқықтарымен және бостандықтарымен, оларға әртүрлі құқықтық мәжбүрлеу шараларын қолданумен немесе қоғамдық маңызы жоғары мәселелермен байланысты болған жағдайларда қауіпсіз болуы тиіс», - деді ол.
Оның атап өтуінше, конституциялық бақылау нәтижелері заң шығару процесі және заңнамалық ұсыныстарды әзірлеу, сондай-ақ қолданыстағы заңдардың және басқа да нормативтік құқықтық актілердің қолданылу тиімділігіне баға беру үшін маңызды құқықтық дереккөз саналады. Конституциялық сот шешімдерін мемлекеттік билік субъектілеріне міндетті түрде жіберу конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдау үшін белгі болып есептелінеді.
«Соттар мен құқық қорғау органдары өз тәжірибесінде конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдерін қатаң сақтауға және қолдануға тиіс. Бүгінгі таңда Парламент 5 заңның ережелерін Конституцияға сәйкес келтірді. Қалған заңнамалық ұсыныстар аалаталардың қарауында немесе Үкімет деңгейінде келісу сатысында. Судьяларға қатысты тәртіптік іс аясында материалдарды қарау рәсімдеріне өкілдің қатысу мүмкіндігі туралы түзетулер Парламентте қаралуда. Сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік қызметтің жекелеген түрлеріне түсуіне байланысты кейбір шектеулер талқылануда», - деді Эльвира Әзімова.