АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық боксшы Елянұр Тұрғанова жастар арасындағы 2024 жылғы әлем чемпионы атанды.
Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан дүбірлі додада 50 келіде сынға түскен Елянұр бейтарап спортшы ретінде қатысқан Карла Пикті қапы қалдырды. Ол жекпе-жек барысында жинақы қимыл көрсетті. Қарсыласына көбірек соққы жасады. Екінші раундта қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберді. Жекпе-жек қорытындысында төрешілер бірауыздан Елянурдің жеңісіне қолдау білдірді.
Е. Тұрғанова әлем чемпионатында алдымен түркиялық қарсыласын бірінші раундта сан соқтырса, одан кейін Өзбекстан (5:0), Грекия (5:0) боксшыларын жеңді.
Айта кетсек, ел құрамасынан бұған дейін Санжарәлі Бегалиев (75 келі), Аружан Зейноллаева (81 келі), Төрехан Сабырхан (67 келі) чемпиондық тұғырға көтерілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.