Елжан Біртанов «Денсаулық» бағдарламасының қорытындысын жария етті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қорытындысын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізгі нәтижелердің арасында – халықаралық тәжірибеге сәйкес қоғамдық денсаулық қызметі құрылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту аясында жалпы практика дәрігеріне жүктеме 16 пайызға төмендеді, ауруларды басқару бағдарламасы енгізілді. Елбасы тапсырмасын орындау аясында дәрілердің бағаларын реттеу енгізілді. 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу үшін дайындық жұмыстары жүргізілді», - деді ол.

Министрдің дерегінше, медициналық қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға өсті, дәрігерлер тапшылығы 2,7 есе азайды. Денсаулық сақтауға инвестициялар екі жарым есе артып, 147 млрд теңгеге жетті. 469 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Цифрландырудың арқасында емханалардағы кезек екі есе азайды. Медициналық информациялық жүйелер барлық мемлекеттік медицина ұйымдарында енгізілді.

«Нәтижесінде денсаулық көрсеткіштері жақсарды. Өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асты. Жалпы өлім 2 пайызға, ана өлімі 13 пайызға, нәресте өлімі 4 пайызға, туберкулезден өлім саны 41 пайызға төмендеді. Қорытындылай келе «Денсаулық» бағдарламасының негізгі мақсаттары мен міндеттері орындалды деп айтуға болады«, - деді Елжан Біртанов.