133.40 ұпаймен жарыстың жеңіпмазы атанған қазақстандық спортшы осылайша Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді.
Сайыста екінші орынға өзбекстандық Тахмина Икромова, үшінші орынға жапониялық Рейна Матсусака жайғасты.
«Бүгін маған Олимпиада лицензиясы бұйырды. Бұл — өте үлкен еңбек. Осы жеңістің артында тұрған барлығына алғысымды білдіремін! Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рахмет! Менің бұл сайыстағы ең мықты қарсыласым — өзім. Өз-өзімді дұрыс бағыттау, дұрыс жігерлендіру арқылы Олимпиада жолдамасына қол жеткіздім деп есептеймін», — деп мәлім етті Елжана Таниева жарыстан кейін.
Сонымен қатар, тағы бір қазақстандық спортшы Айбота Ертайқызы Азия чемпионатындағы көпсайыста 5-ші орын алып, таспа және ұршықпен жаттығуда финалға шықты.
Финалдық жарыстар ертең, яғни 4 мамыр күні өтеді.
Еске сала кетейік, сары құрлық бәсекесіне барлығы 17 елден келген 90-нан астам спортшы қатысып жатыр.
Қоса кетсек, Токио Олимпиадасында ел намысын Алина Әділханова, оған дейін Рио-де-Жанейрода Сабина Әшірбаева, Лондонда Анна Алябьева, Бейжің мен Афинада Әлия Юсупова қорғаған еді.
Ең жоғары нәтиже Әлия Юсуповаға тиесілі — 2004 жылы көпсайыста 4-орын және 2008 жылы ұршық жаттығуында 4-орын.