Ембулатовка өзені мұнай қалдықтарымен ластанбаған - экология департаменті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сараптамалар қорытындыларына сәйкес Ембулатовка өзені мұнай қалдықтарымен ластанбаған. Бұл туралы бүгін БҚО экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, биылғы 18 қазан күні Зеленов ауданына қарасты Январцев ауылы маңындағы Ембулатовка өзенінің өндіріс қалдықтарымен ластанғаны жөнінде хабар түскен. Соған байланысты ТЖ департаменті өкілдерінің және ауыл тұрғыны Б.Меңдіғазиевтің қатысуымен аталмыш өзен суының үш жерінен және сол маңдағы топырақтан екі жерден сынама алынды. Зерттеу сынаманың біреуі бойынша қалыпты мөлшерде, екеуінде фенол элементі мен мұнай өнімдерінің шекті мөлшерден асқандығын көрсетті. Аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы алған сынамадан да мұнай өнімдерінің бар екендігі белгілі болды. Оған қоса ауыл тұрғындары судан сынама алып, Оралдағы «Батыс су арнасы» ЖШС жанындағы зертханаға тапсырған. Сонымен қатар 28 қазан күні департамент пен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті зертханаларының мамандары тағы бес жерден сынама алып, зерттеді.

«Жасалған сараптамалар өзенге тұрмыстық сарқынды сулардың төгілгендігін көрсетті. Яғни 60 пайыздай мөлшерде сарқынды сулармен ластанған. Мұнай өнімдерінің болуы сарқынды суларда түрлі синтетикалық жуу заттарының (сабын, шампунь, т.б.) болуына байланысты. Бір сөзбен айтқанда, мұнай қалдықтары жоқ», деді Е.Қуанов.