Емделушілердің құқығын қорғайтын қоғамдық комитеттер құрылмақ

АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Облыстар мен қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанынан емделушілердің құқығын қорғайтын қоғамдық комитеттер құрылады. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде өткен брифингте мәлім болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық жоспарына сәйкес емделушілердің қауіпсіздігін және құқығын қорғау жүйесін жетілдіру жолында қоғамдық комитеттер құрылады. Бұл комитеттер жергілікті денсаулық сақтау басқармасы органдарының жанынан жасақталады», - деді Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі комитет басшысының орынбасары Жұмағали Ысмайылов. Оның айтуынша, бұл қоғамдық комитет емделушілердің өтініш, шағымдарын қарап, ем қабылдаушы мен медициналық мекемелердің арасындағы келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешуге бағытталады. Ж. Ысмайыловтың сөзіне қарағанда, аталған комитеттер ел өңірлерінде екі айдың ішінде құрылады деп жоспарланып отыр. Оның құрамына денсаулық сақтау органдары мамандарымен қатар, қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың, БАҚ-тың өкілдері кіре алады.