Емдеу мекемелері азаматтарды тіркеуден қандай жағдайда бас тарта алады- маман жауабы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда емханаларға тіркелу науқаны басталды. Бұл туралы «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» Алматы қалалық филиалының директоры Гүлнар Ысқақова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, бүгінде алматылықтар медициналық сақтандыру аясында қызмет алу үшін 71 медициналық мекемеге тіркеле алады, оның ішінде 40 мемлекеттік және 31 жекеменшік нысан бар.

«Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы тиіс. Атап өтсек, науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2023 жылдан бастап пайдалана алады. Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да бұрынғы клиниканың қызметін пайдалана берсе болады»,- дейді Гүлнар Ысқақова.

Айтуынша, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелгендер саны 1700-ден аспауы тиіс.

«Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелгендер саны 1700-ден аспауы тиіс», – дейді спикер.

Сонымен қатар, ол биыл тіркеу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілгенін еске салды.

«Бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс. Олар тіркелу үшін емхананың тіркеу бөліміне барып өтініш жазады. Тіркеу науқанына Қордың мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізімімен МСҚ ресми сайтындағы «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады»,- дейді ол.