Емханалардағы проблема қалай шешіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында «медициналық қызметтің сапасына қанағаттану деңгейі» көрсеткішіне қатысты түсінік берді.
- Мәселелер әлі де бар. Оның ішінде негізгісі бастапқы медициналық-санитарлық көмекке, яғни емхананың қызметіне тұрғындардың көңілі толмай жатады. Соның арасында тегін дәрі-дәрмекке, кезек мәселесіне, дәрігерлердің біліміне қатысты сұрақтар бар. Сондықтан осыған жүйелі түрде қарау керек. Министр ретіндегі қызметімде емханалардың жұмысын жетілдіруге көңіл бөліп жатырмын, - деді А.Әлназарова.
Оның айтуынша, халықтың 80 пайызы алғашқы көмек алу үшін емханаларға барады.
- Жұмыстың дұрыс жүруіне Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары да елеулі түрде әсер етеді. Әр өңірден келген арыздарды қарасақ, негізінен 5-6 бағыттағы проблемалар айтылған. Бұл тұрғыда нормативтік-құқықтық актілердің сапасына қатысты ревизия жасадық. Министрлік бұйрықтарының 11-іне қол қойылды, сондай-ақ тағы 15-і бекітіледі. Атап айтқанда, жүйені пациентке бағдарлап, оның барлық жағдайын жасауға байланысты бұйрықтарды өзгерттік. Осы орайда 2025 жылдан бастап бұйрықтардың көбісі күшіне енеді, - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылдың басынан бері Қазақстанда емханаларға 103 млн-нан астам қаралу тіркелді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7%-ға өсуді көрсетеді.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат беріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, ана мен бала өлімін азайту, денсаулық сақтау саласында бұйрықтарды өзгерту және басқа да маңызды мәселелерге қатысты пікірін айтты.