Емханаларға онлайн тіркелу құқығын регламенттеу қажет - Якупбаева

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Емханаларға онлайн тіркелу құқығын регламенттеу қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Өкінішке орай қазіргі уақытта бізде емханаларға еркін тіркелу құқығы болғанымен онлайн тіркелу құқығы әзірше регламенттелмеген. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында қор жүйесінде аккредиттелген жеке клиникалар орналастырылған, мемлекеттік клиникалардың да тізімі бар.  бірақ, онда мекенжайлары мен телефондары жайлы, осы уақытқа дейін тіркелген азаматтар туралы мәліметтер жоқ. Тіркелудің онлайн форматы да қарастырылмаған», - деді ол.

Осыған орай «Атамекен» өкілі бұл кемшіліктерді мүмкіншілікке қарай жою мәселесін қарастыруды өтінді. Сонымен қатар дәрігер таңдауда жіберілген кемшілікке де тоқталды.

«Бұл мәселе де соңына дейін регламенттелмеген. Біріншіден, дәрігерлер базасы жоқ, екіншіден сол дәрігерге тіркелу тәртібі қарастырылмаған. Яғни, бір дәрігерге 15, тіпті 1,5 мың адам тіркеле алады деген сөз және мұны шектеу де мүмкін емес. Біз бұл мәселені де тиянақтауды өтінеміз», - деді Юлия Якупбаева.