Эмир Байғазиннің «Үндестік сабақтары» киножобасы Сараевода өткен халықаралық кинофестивальда 1-орын алды
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңімпазға Германияның «Post Republic» компаниясы қаржылай сыйлық және құрастыру жұмыстарының бір бөлігін компанияның Берлиндегі студиясында өткізуге мүмкіндік беріп отыр.
«Үндестік сабақтары» алғаш рет синопсис деңгейінде 2010 жылы Локарнода өткен Open Doors кинофорумында ұсынылған болатын. Ал былтыр бұл киножоба «Еуразия 2011» фестивалі аясында өткен Қазақстандық кинопрокат нарығында жеңімпаз атанды. Онда еуропалық және қазақстандық мамандардан құралған сарапшылар комиссиясы оған бірауыздан дауыс берген болатын. Фильмнің түсіру жұмыстары маусым айының басында аяқталып, оның алғашқы материалдары Босния және Герцеговина елінің Сараево қаласында өткен аталмыш кинофестивальға ұсынылған еді. Бұл фестивальға қазақстандық режиссерлардың жұмысы биыл тұңғыш рет қатысса да, Түркия, Грекия, Германия, Румыния, Израиль, Болгария елдерінен іріктеліп алынған 7 жобаның арасынан үздік деп танылып отыр.