Emirates 56 млрд. долларға авиация тарихындағы ең ірі келісімшартты бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дубайлық Emirates әуе компаниясы мен Boeing корпорациясы нарықтық бағамен 56 млрд. доллар сомасына жаңартылған 150 жалпақ фюзеляждық Boeing 777Х ұшақтарына тапсырысты растады, деп жазады РБК.

Бұл келісім жайында 2013 жылдың қарашасында Дубайдағы ұшақтар шоуы кезінде жарияланған болатын және ол жолаушылар ұшақтары құрылысы тарихында ең ірі келісімшарт деп танылды.

Атап айтқанда, Boeing 777X әуе кемесінде жолаушылар орындары көбірек және олар жағармайды тұтыну тұрғысында айтарлықтай үнемді келеді.

Бұл ұшақ құрастырылуына қарай онда 350-ден 400-ге дейін жолаушыны отырғыза алады және ол 15-17 мың шақырымдық арақашықтыққа есептелген. Boeing 777X моделі үшін арнайы GE9X қозғалтқышы жасалды. Жаңа ұшақтың құны шамамен 349,8 млн. - 377,2 млн. доллар аралығында болады.