Ең әдемі гүлдер - Қарағандыда

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 8 наурыз мерекесінің шырайын кіргізетін гүлдер қысы ұзақ Қарағанды өңірінде өсіріліп жатыр.Нәзік жандардың пікірінше, дәл осы гүл қыс артынан жанданатын дүниенің жаршысы және ең қымбат сыйлық.

30 жылдық еңбек тәжірибесі бар агроном Галина Кизилованың аялы алақанынан биыл жылыжайдағы 15 сұрыпқа бөлінген 235 мың гүл бүр жарды. Оның барлығының тұқымы мұздатылған күйде тікелей Голландиядан жеткізілген.

«Біз дайын тоңазытылған баданасын аламыз. Ары қарай технологияның барлығын сақтап мерекелерге 3 апта уақыт қалғанда жылыжайдағы температураны көтере бастаймыз. Мұнда уақыт пен температураны мөлшерін сақтай отырып, 23 ақпаннан бері қарай шығарып келеміз»,-дейді ол.

Иісті-иіссіз, қызыл, алқызыл, ақ, сары, күлгін сияқты сөзбен жеткізе алмайтын қызғалдақтың түрлері бірінен бірі өтеді. Атаулары да Тойота, Барселона, Алибелла, Конкьюера деп тізбектелгенімен, негізінен бұлар Дарвиндік және Триумф деп аталады. Ал әлемде осындай 80 топтың барын ескерсек, табиғат сыйының бір тамшысы ғана екені айтпаса да түсінікті. Биыл сұранысқа ие болған Барселона қызғалдағы екен. Олардың өнімі де, иісі де жақсы болған соң қызметкерлер көбіне осы түрді сатуға көптеп жіберіп жатыр, деп хабарлайды КТК.

Қызғалдақ - жаратылысы ерекше гүл. Бұлар жыл бойына сауда сөрелерінде тұрғанымен, оның бүр жарар мерзімі - дәл осы көктем. Себебі қызғалдақты жаңа өмірдің жаршысы көктемнен, көктемді қызғалдақтан бөліп қарау мүмкін емес. Сондықтан адамзат баласына өмір сыйлайтын әйел затын да көктем мен гүлден бөліп-жаруға болмайды.