Ең алдымен, арнайы комиссия құрып, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін компьютерге бейімдеу керек - Н. Назарбаев

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында латын әліпбиіне көшу үшін ең алдымен, арнайы комиссия құрып, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін компьютерге бейімдеу керектігін айтты.

«Ең алдымен, арнайы комиссия құрып, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін компьютерге бейімдеу керек. Түрік ағайындар бір жағынан нүктелер, үтірлер қойып жатыр. Бізде ондай күрделілік болмауға тиіс. Тіпті екі-үш әріпті қосып, бір дыбыс етіп айтатын елдер де бар. Неміс тілінде «ш» дыбысын үш әріп береді, француз тілінде төрт әріппен жазылатын дыбыстар бар. Бір сөз неше әріптен тұратынын түсінбейтін кездер де болады», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, латын қарпі бізге дүние жүзінің халқымен, әлемнің ғылым-білімімен қарым-қатынас үшін керек. «Алдыңғы буын ағалар, жазушылар, ғалымдар «біздің жазғанымыздың барлығы сыртта қалып қалады» деп ойламауы керек. Оның барлығы аударылатын болады. Әрине, оған уақыт керек. Төңірегіміздегі Өзбекстан да, Түркменстан да, Әзербайжан да осылай істеп жатыр», - деп атап өтті Елбасы.