Ең алдымен Жаңаөзендегі әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық проблемалар шешімін табатын болады - Үкімет басшысы

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ең алдымен, Жаңаөзендегі әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық проблемалар шешімін табатын болады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті. «Қазір Үкіметтің ең бірінші міндеті - тәртіпсіздіктің салдарынан орын алған әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық проблемаларды тез арада шешу үшін қажетті жағдайларды жасау», деді Премьер-Министр. Осы орайда ол қаланың күнделікті өмірін қалпына келтіру, бүлінген және қираған нысандарды тез арада жөндеп, іске қосу қажет екенін тапсырды. «Біз көпшілік тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің тапшылығын болдырмауымыз керек. Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық жүйесін, жарық, жылу, ыстық су беру, телефон байланысы қызметін қалпына келтіру шарт», деді Үкімет басшысы.