Ең алғашқы дауыс беруші – Жапонияда оқитын студент Жібек Айдын
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының азаматтары референдумда өздерінің конституциялық құқықтарын алғашқылардың бірі болып Жапонияда жүзеге асырды. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Алғашқылардың бірі болып Токио қаласында өткен референдумда дауыс берген Қазақстан азаматы «Нихон» универститетінің 3-курс студенті Жібек Айдын болды.
– Қарастырылып отырған мәселе еліміздің алдағы даму бағыты үшін маңызды. Референдум өткізу ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам пікірін жан-жақты ескеруге мүмкіндік береді. Мемлекет әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына қажетті жағдай жасап отыр, ал біз үшін белсенді азаматтық ұстаным таныту – маңызды міндет, – деп атап өтті Ж.Айдын.
Ол сондай-ақ шетелде тұратын отандастарымыз Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен референдумға қатысу мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті.
– Бұл – еліміздің болашағына қатысты жауапты шешім қабылдауға берілген ортақ мүмкіндік. Қабылданатын шешім Қазақстанның орнықты әрі серпінді дамуына оң ықпал етеді деп сенемін, – деп түйіндеді дауыс беруші.
Сондай-ақ Сеул қаласындағы учаскеде алғашқылардың бірі болып Азия орман ынтымақтастығы ұйымының (AFoCO) қызметкері Қазақстан азаматы Ернар Сарсенбаев дауыс берді.
Ол шетелде жүрген азаматтар үшін осындай маңызды саяси процеске қатысу мүмкіндігі жасалғанын жоғары бағалап, референдумға қатысу әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі екенін атап өтті.
– Мұндай маңызды ұлттық мәселелер бойынша өз пікіріңді білдіру – әр азаматтың парызы. Референдум еліміздің дамуы мен болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея мен Жапониядағы қазақстандықтар референдумда дауыс беруді бастағанын хабарладық.