Ең бірінші мақсат - балалар үйіндегі қараусыз қалған бала санын азайту - БҒМ комитет төрайымы Р.Шер

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат. /Айнұр Кенебаева/ - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде «Әр балаға - отбасының бақыты» тақырыбындағы баспасөз конференциясы болып өтті.

Конференция материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілу деңгейінің және жалпы отбасы жағдайының төмендігі салдарынан туындайтын әлеуметтік жетімдік сынды қоғамның өзекті мәселесін арқау етті. Конференцияға ҚР БҒМ балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер, ҚР Мәдениет министрлігінің вице-министрі Ғазиз Телебаев, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы Хатшылығының аға сарапшысы Гаухар Нұрахметова, ҚР БАМ ақпарат және мұрағаттар комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ербол Шаймерденов қатысты.

Қазіргі таңда республикамызда 38 386 жетім бала мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Соның ішінде 2067 бала қамқорлықта, 2267 бала патронат тәрбиесінде. Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы балалардың 80 %-дан астамы әлеуметтік жетімдар санатында.

«Ең бірінші мақсат - балалар үйіндегі қараусыз қалған бала санын азайту, ал ол үшін бала жетімдігіне әкеп соғатын жағдайлардың алдын алу қажет. Жоспар аясында қолға алынған әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, отбасын нығайту, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысу, әлеуметтік жетімдік жөнінде қоғамды ақпараттандыру сынды шаралар жүйесі өзекті мәселені шешудің алғышартын қалыптастырады»,- деді өз сөзінде Р. Шер.

«2011 жылғы 14 қаңтарда жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуды насихаттауға бағытталған үгіт-насихат жұмыстарының жоспары бекітілді», - деп мәлімдеді Г. Нұрахметова.

«Әлеуметтік жетімдік мәселесін алдын алу шарасын нәтижелі түрде жүзеге асыруда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі айрықша, сондықтан да оларды осындай игі шараға көптеп тарту қажет»,- деді Ғ.Телебаев.

Ғ. Телебаев мырзаның мәлімдеуінше, 2009 жылы Мәдениет министрлігі мен 4 үкіметтік емес ұйым бірлесіп, 10,5 млн. теңге көлеміндегі жас журналистерді балалар үйі тәрбиеленушілері арасынан іздеу, балаларды қорғау бойынша тренинг өткізу, асырап алу сынды мәселелерге қатысты бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған.

«Жетімдік» түсінігі - қазақ қоғамына жат болған тосын түсінік еді. Болмысынан бауырмал қазақ жұрты ата - ана қамқорлығынсыз қалған қандасын, кіндіктесін жатырқатпай жақын тартқан халық. Көшпелі өркениеттің көне салты саналатын «әмеңгерлік» те сол көреген көзқараспен сабақтас жатыр. Туыстық дүнетанымы терең қазақ қоғамында бала ата-анасыз қалса да, ағайыннан ажырамаған. Сондықтан да әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мен бала бақытын баянды ету шараларына жұмыла атсалысу ең алдымен қаны қазақ әр азаматтың борышты еншісі болмақ.