Ең бойшаң полиция қызметкері Қарағандыда тұрады
Қарағанды облысы ПД арнайы жұмылдыру дайындығы басқармасының инспекторы, аға лейтенант Дамир Сыздықов - Қазақстанның ең бойшаң полицейі.
Ол сондай-ақ каратэден спорт шебері және қоян-қолтық жекпе-жек бойынша полиция құрамасының қатарына кіреді.
Қарағандылық алып полицейдің айтуынша, оның бойының ұзын болғанының бір ғана кемшілігі бар – бойына шақ келетін форма табу қиын.
«Маған ең үлкен форманы береді, бірақ оның өзі тар болып жатады кейде. Негізінен, шалбарлары әрқашан қысқа болады, кей кезде тігу керек болса, кейде тігін ательесіне жүгіну керек, бірдеңе ойлап табамын әйтеуір. Бойымның ұзын екенін мақтан тұтамын. Мектепте оқығанда сыныптағы қатарда ең бірінші болып тұратынмын, ал әскерде қызмет еткенде әрқашан бірінші және әрқашан оң қанатта болдым. Бойымның биік болғанынан ешқандай кемшілік не қиындық көрген емеспін», - дейді Дамир.
Дамир Сыздықовтың 2 жоғары білімі бар. Сондай-ақ Отан алдында борышын өтеп келген. Қазір ол 29 жаста.
Құқық қорғау органдарында 3 жыл бұрын жұмыс істей бастаған. Атама офицер болуға уәде бердім, дейді.
Оның ерекше биік бойы мен қажырлы еңбегін басшылық патрульдік полиция полкінде қызмет еткен кезінде байқаған.
Қазір Дамир қызметкерлерді арнайы даярлау бойынша нұсқаушы.
«Бізде арнайы жұмылдыру дайындығы басқармасында кіл мықтылар жұмыс істейді, олардың спорттағы жетістіктері айтарлықтай. Дамирдің жаттығуларын, бұрын кәсіби каратэмен айналысқанын, баскетболмен айналысқанын байқап, өз қатарымызға алдық. Қызметкерлеріміздің барлығы жарамды, спортқа бейім, физикалық тұрғыдан дайын болуы керек, сондықтан олар кез келген уақытта дайын. Ол жеке құрамды оқытумен айналысады», - деп атап өтті Қарағанды облысы ПД арнайы жұмылдыру дайындығы басқармасының бастығы Ринат Сүттібаев.
Дамир Сыздықов өз дағдыларын жетілдіруді еш тоқтатпайды. Дүйсенбіден сенбіге дейін спорт залға барады.
Әр жылдың соңында бүкіл жеке құрам кәсіби жарамдылыққа кешенді сынақтан өтеді: жүгіру, ату, күш және жауынгерлік техникалар.
Онда Дамир үнемі жақсы нәтиже көрсетеді.