Ен далада адасқан ресейліктер құтқарылды - ШҚО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Аягөз аудандық ТЖБ қызметкерлері ен далада адасқан Ресей азаматтарына көмектесті, деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.

Ресейліктердің келеңсіз оқиғаға тап болғанын құтқарушыларға Хантымансийск қаласындағы әріптестері хабарлапты. Ер адамдар, солардан көмек сұраған.

Іздеу жұмыстары 8 сәуірде басталған. Ер адамдар шамамен бір тәулік бойы дала кезіп жүрген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында ТЖБ кешкі сағат сегіздер шамасында Аягөз қаласынан 85 шақырым жерде көлікті тапты. Жоғалған ресейліктің бірі сонда отырған. Ал Аягөз қаласынан 40-45 км жерде, Жырғалы стансасынан екінші азамат табылды. Екеуінің де жағдайы жаман емес.