Сәуірдің ортасында берілген мәлімет бойынша, жанармайдың бір литрі бұл елде 1,86 еуро болды, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы .
Drive Alive сайтының рейтингісіне сәйкес, тізімдегі екінші орында Италия тұр, ондағы жанармайдың стандарттық бағасы 1,83 еуроны құрайды. Үштікті Дания мемлекеті тұйықтайды, онда жанармайдың бір литрінің бағасы - 1,77 еуро.
Батыс Еуропадағы ең арзан жанармай бағасы Испанияда тіркелді, онда жанармайдың бір литрі 1,38 еуроны құрайды. Люксембург пен Польшада - 1,47 еуро, ал Латвия мен Чехияда - 1,48 еуро.
Германияда 95-ші үлгідегі жанармайдың бір литрі көптеген жанармай бекеттерінде 1,70 еуродан астам бағаға сатылуда. Айта кетейік, ГФР-де қазіргі таңда жанармайдың әрі қарай шарықтауын тоқтату үшін шаралар қабылдау керектігі жөнінде және тұтынушылардың құқығын қорғауға байланысты талқылау жүріп жатыр.
«Жанармай бағасының бұдан әрі өсуі неміс экономикасы үшін қолайсыз» деп есептейді Германия сауда-өнеркәсіп палатасының Федеральді бірлестігі (DIHK). «Бағаның көрсеткіш тақтасында 2 еуро деп жазылып тұрған кезде, конъюнктура шайқала бастайды», - деп мәлімдеді DIHK басшысы Ханс-Хайнрих Дрифтман.
Бұдан бұрынырақ «Лукойл» мұнай өндіруші компаниясының басшысы Вагит Алекперов жанармайдың әлемдік бағасын салыстыра келе, «қазір Ресейде жанармайдың бір литрі кез келген дүңгіршектегі бір бөтелке судан да арзан» деп мәлімдеген болатын.