Ең сәтті даму білім, ғылым және өндірістің тиімді әрекеттестік тетігі жасалған елдерде байқалуда - А. Есімов

АЛМАТЫ. 23 қараша. ҚазАқпарат - Алматыда индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған 16 жобаның қазіргі таңда үшеуі халықаралық сапа менеджменті жүйесі сертификатын алды, ал тоғызы өз салаларында инноватор болып отыр.

 Бұл туралы бүгін ІІІ Алматы иннновациялық конвенті аясында өтіп жатқан «Алматы халықаралық инновациялық форумында» айтылды.

«Алматыда индустрияландыру картасы аясында 540 миллиард теңгенің 29 инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Онда 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.  Бұл біз үшін маңызды мәселе. Біріншіден - бұл  өндіріс, екіншіден - барлық экология талаптарына жауап берді, үшіншіден - әлеуметтік маңызы аса жоғары. Қазір қалада  тіркелген жұмыссыздық деңгейі 3 мыңға жуық адамды құрайды. Ол  экономикалық жағынан белсенді тұрғындардың 0,3 пайызы.  Бұл халықтың жұмыспен қамтылуының ресми статистикасы жүргізіле бастаған 1994 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш», - дейді қала әкімі Ахметжан Есімов.

А.Смағұлұлының айтуынша, әлемдік тәжірибеге қарағанда қазір ең сәтті даму білім, ғылым және өндірістің тиімді әрекеттестік тетігі жасалған елдерде байқалуда. Мемлекеттің интеллектуалдық әлеуеті маңызды стратегиялық ресурс ретінде қаралуда. Ондағы кіріс шикізат ресурстарын сатудан әлдеқайда жоғары.