Ең сымбатты премьер-министр Наурыз мерекесімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Канаданың премьер-министрі, әлемдегі ең сымбатты саясаткердің бірі атағын иемденген Джастин Трюдо канадалықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Саясатта да, әлеуметтік желіде де өте белсенді Трюдо арнайы видео түсіріп, Наурыз мерекесінің тарихына тоқталған.

«Жеке өз атымнан және әйелім Софидің атынан барлық канадалықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Парсы күнтізбесі бойынша бұл Жаңа жылдың бастауы. Бұл күні түгел отбасы мен дос-жарандар жиналып, бір-біріне сыйлық жасайды, дәмді тамақ ішіп, музыка тыңдайды. Биыл Канада 150 жылдығын тойламақ. Сондықтан, біз еліміздегі көп мәдениетті, көп тіл мен сенім-дәстүрді тойлау үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланауымыз керек. Бұл жан-жақтылық біздің елімізді нығайтып, байыта түседі. Наурыз құтты болсын»,-деді Канада премьері өзінің құттықтауында.

Айта кетейік, Джастин Трюдо - Канаданың тарихындағы екінші ең жас премьер-министр. 2015 жылы парламенттік сайлауда Трюдо басқаратын Либералды партия жеңіске жетіп, ол 4 қараша күні Канаданың Премьер-министрі болып тағайындалды. Джастин Трюдо - Канаданың он бесінші премьер-министрі Пьер Трюдоның үлкен ұлы.