Ең төменгі жалақы 200 мың теңге шамасында болуы тиіс - депутат

Ең төменгі жалақы мөлшері 200 мың теңге шамасында болуы керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында үш жылға арналған республикалық бюджетті талқылау кезінде депутат Асхат Рақымжанов айтты, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: Kazinform

«ЖСДП фракциясы 2024 жылға арналған ең төменгі жалақы мен күнкөріс минимумының деңгейімен келіспейді. Сонымен қатар, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ай сайын әлеуметтік маңыздағы азы-түлік өнімдеріне тиісті мониторинг жасап келеді. Біздің есептеулер бойынша орташа алғанда бір қазақстандық барлық табысының 55 пайызын азық-түлікке жұмсайды», - деді А. Рақымжанов.

Оның пайымынша, ең төменгі жалақыны бірнеше есе көтеру керек.

«Біздіңше, Қазақстанда ең төменгі жалақы 200 мың теңге шамасында болуы тиіс», - деді депутат.

Айта кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері (бұдан әрі – ЕТЖ) 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылады

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2024 - 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңы қабылдады