Бүгін Құрылтай отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері вице-премьерден ең төменгі жалақы мөлшерінің қашан көтерілетіндігін сұраған еді. Сауалға жауап берген Серік Жұманғарин бұл мәселе Үкімет пен Президент Әкімшілігі деңгейінде талқыланып жатқанын атап өтті.
— Сондықтан таяу уақытта нәтижесі белгілі болады деп ойлаймын. Мерзімін айта алмаймын. Бұл таяу болашақтың мәселесі. Егер көтерілетін болса, онда келесі жылы, — деді вице-премьер.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі 2019-2026 жылдар аралығында елімізде негізгі әлеуметтік төлемдер айтарлықтай өскенін мәлімдеген еді.
Ұсынылған деректерге сәйкес, ең төменгі жалақы 2 есе өсіп, 42,5 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайды. Ең төменгі зейнетақы мөлшері шамамен 2 есе өсіп, 36,1 мың теңгеден 69 мың теңгеге дейін жетті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 715,5 мың теңгеден 1 661,6 мың теңгеге дейін жоғарылады.