Ең төменгі жалақы мөлшері және мемлекеттік қызметкершілердің жалақысы өсе ме

АСТАНА.KAZINFORM — ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі брифингте Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин келесі республикалық бюджет жобасында айлық табысты көтеру мәселесі қаралуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Фото: Kazinform

Оның сөзінше, әлі нақты шешім қабылданбаған.

— Келесі бюджетте ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруді қарастыратын шығармыз. Әзірге қаншаға және қалай өсетіні нақтыланады. Мемлекеттік қызметшілер мен жалақысын бюджеттен алатын азаматтардың айлық табысын көтеруді де қарастыруымыз мүмкін, — деді Серік Жұманғарин.

Бірақ оның сөзінше, жалақының көтерілуі автоматты түрде халықтың әл-ауқатын жақсартпайды.

Соңғы бес жылда мемлекет азаматтардың айлық табысын жоғарылатқанмен, онымен қатар инфляция да күшейді.

— Бірнеше жыл бұрын бюджет қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтердік. Экономиканың әртүрлі секторларындағы басқа мамандардың да айлық табысын өсірдік. Демек, тек жалақыны арттырумен мәселе шешілмейді. Экономика секторларында еңбек өнімділігін жоғарылату керек. Сонымен бірге, тұрақты жұмыс орындарын құрып, адами капиталдың деңгейін өсіру қажет, — деді вице-премьер.

Оның айтуынша, Үкімет дайындаған халық табысын арттыру бойынша кешенді жоспарда негізгі алты бөлім бар. Оларда жалақыны көтеру ғана емес, еңбек нарығын жетілдіру шаралары да қамтылған.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа жұмыс орындары және жалақының өсуі мемлекеттің жеңіл өнеркәсіпті қолдауының міндетті шарты екенін жазғанбыз.