Жалақысы төмен қызметкерлер қанша қосымша ақша алады?
Қазір ең төменгі жалақы - 85 мың теңге. 2027 жылы ол 110 мың теңгеге жетсе, ең төмен айлық алатын қызметкердің есептелген айлығы жылына 300 мың теңгеге көбейеді.
Алайда 25 мың теңге қызметкердің қолына толық берілмейді. Есептелген жалақыдан міндетті зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру жарнасы ұсталады. Қолданыстағы 10% міндетті зейнетақы жарнасы және 2% медициналық сақтандыру жарнасы сақталған жағдайда ең төменгі жалақы алатын қызметкердің таза табысы айына 22 мың теңгеге, жылына 264 мың теңгеге өседі. Бұл есеп 2027 жылы міндетті жарналардың мөлшерлемелері мен жеке табыс салығының тиісті тәртібі өзгермейді деген шартпен жасалды.
Қанша қазақстандықтың жалақысы өседі?
Президент ең төменгі жалақының көтерілуі 1,8 млн адамның, оның ішінде бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкердің табысына ықпал ететінін мәлімдеді.
Еңбек кодексінің 103-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмыс уақытының нормасын толық атқарып, еңбек міндеттерін орындаған қызметкердің айлық жалақысы заңда белгіленген ең төменгі мөлшерден кем болмауға тиіс. Ал 104-бап бойынша ең төменгі жалақы мөлшеріне қосымша ақылар, үстемеақылар, өтемақылар мен сыйлықақылар кірмейді.
Демек, жаңа мөлшер күшіне енгеннен кейін толық жұмыс уақытымен істейтін және ең төменгі жалақы талабына сай келетін қызметкерлердің негізгі еңбекақысы 110 мың теңгеден төмен болмауы керек.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы жалақыны бөлу жөніндегі зерттеуінде 3 378 668 қызметкер қамтылған. Олардың 32 332-сінің айлығы 85 мың теңгеден, 43 640 қызметкердің жалақысы 100 мың теңгеден аспаған. Тағы 649 174 адам 100–200 мың теңге аралығында еңбекақы алған.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы жалақы мөлшері бойынша зерттеуіне 3 378 668 қызметкер кірген. Оның ішінде:
Осылайша, зерттеуде 75 972 қызметкердің айлығы 100 мың теңгеден аспаған. Ал 100-110 мың теңге аралығында жалақы алатындар жеке көрсетілмеген.
Жұмыс берушілердің шығыны қалай өзгереді?
Ең төменгі жалақының өсуі жұмыс берушілердің міндетті төлемдеріне де әсер етеді. Әлеуметтік кодекстің 251-бабына сәйкес, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшерлемесі 2026 жылғы 3,5%-дан 2027 жылы 4,5%-ға көтеріледі. Бұл жарна жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен төленеді.
Ең төменгі жалақы алатын қызметкер үшін жұмыс берушінің зейнетақы жарнасы 2026 жылғы 2 975 теңгеден 2027 жылы 4 950 теңгеге дейін өседі. Айырмасы – 1 975 теңге. Оның бір бөлігі ең төменгі жалақының, қалған бөлігі жарна мөлшерлемесінің өсуіне байланысты.
Әлеуметтік аударымдар 5% мөлшерлемемен есептеледі. Ең төменгі жалақыға сәйкес есептелетін әлеуметтік аударым 4 250 теңгеден 5 500 теңгеге дейін көбейеді. Айырмасы – 1 250 теңге.
Жұмыс берушінің медициналық сақтандыруға арналған аударымы 3% мөлшерлемемен есептелген жағдайда, 85 мың теңгелік жалақы үшін 2 550 теңге, 110 мың теңге үшін 3 300 теңге болады. Айырмасы – 750 теңге.
Осы үш төлем мен жалақының өзін қосқанда, бір қызметкерге жұмсалатын айлық шығын 28 975 теңгеге көбейеді. Бұл есепке әлеуметтік салық, өндірістік жарақаттан сақтандыру және өзге ықтимал шығындар енгізілмеген. Сондай-ақ жекелеген қызметкерлерге қатысты жарналардан босату тәртібі ескерілмеген.
Егер жалақысы 85 мың теңге болатын 100 қызметкердің айлығы 110 мың теңгеге көтерілсе, тек еңбекақы қорының өзі айына 2,5 млн теңгеге, жылына 30 млн теңгеге өседі. Аталған үш міндетті төлемді қосқанда, есептік қосымша шығын жылына 34,77 млн теңгеге жетеді.
Әлеуметтік төлемдердің шекті мөлшері де өзгереді
Ең төменгі жалақының өсуі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін бірқатар төлемнің есептік шегін ұлғайтады.
Әлеуметтік кодекс бойынша бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері жеті ең төменгі жалақының 40%-ынан аспайды. 2026 жылы жеті ең төменгі жалақы 595 мың теңге болса, 2027 жылы 770 мың теңгеге жетеді.
Соған сәйкес, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 238 мың теңгеден 308 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Айырмасы – 70 мың теңге. Бұл - төлемді алатындардың бәріне 70 мың теңге қосылады деген сөз емес: нақты сома бұрынғы табыс пен әлеуметтік аударымдарға байланысты.
Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің 2027 жылға көзделген ең жоғары шегі жеті ең төменгі жалақының 45%-ы болады. Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге өскенде бұл шек айына 346 500 теңгеге жетеді. Одан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталған жағдайда 311 850 теңге қалады.
Жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемді есептеуде де ең төменгі жалақыға тәуелді шектеу бар. Стандартты 126 күндік демалыс үшін 4,2 коэффициентін қолданғанда, 2027 жылғы ең жоғары есептік сома 3 234 000 теңгеге жетеді. Міндетті зейнетақы жарнасын шегергенде 2 910 600 теңге болады.
Бұл сомалар әлеуметтік төлемдердің жоғарғы шектерін сипаттайды. Нақты тағайындалатын төлем қызметкердің табысына, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу кезеңіне және тиісті төлемнің шарттарына байланысты.
Жоғары жалақы алатындарға да әсері бар
Ең төменгі жалақының өсуі міндетті зейнетақы жарналары есептелетін табыстың жоғарғы шегін өзгертеді.
Қолданыстағы тәртіп бойынша міндетті зейнетақы жарнасын есептеу үшін ескерілетін айлық табыс 50 ең төменгі жалақымен шектеледі. 2026 жылы бұл 4,25 млн теңге болса, 2027 жылы 5,5 млн теңгеге жетеді.
Нәтижесінде міндетті зейнетақы жарнасының айлық ең жоғары сомасы 425 мыңнан 550 мың теңгеге дейін көтеріледі. Айырмасы – 125 мың теңге. Бұл табысы бұрынғы шектен жоғары қызметкерлерге қатысты, олардың жалақысы автоматты түрде өсетінін білдірмейді.
Ең төменгі жалақының 110 мың теңгеге көтерілуі осылайша үш бағытта әсер етеді: төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысына, жұмыс берушілердің міндетті шығындарына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі төлемдердің есептік шектеріне.
Ал өзгерістің жалпы қаржылық ауқымын анықтау үшін 110 мың теңгеден төмен жалақы алатын қызметкерлердің нақты саны, олардың бюджет және жеке сектор бойынша бөлінісі қажет. Қолда бар статистика мұндай толық есеп жүргізуге жеткіліксіз.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, II тоқсанда орташа айлық - 486 388 теңге, ал медианалық жалақы - 348 415 теңге болды. Ал сәуірдегі зерттеуде модальдық жалақы (ең жиі кездесетін айлық мөлшері) 187 006 теңге деп көрсетілді. Орташа жалақы медианалық көрсеткіштен 137 973 теңгеге жоғары. Ал модальдық жалақы 2027 жылы жаңартылатын ең төменгі айлықтан 77 мың теңге көп болады.