Депутаттың айтуынша, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бiрлестiгi филиалдарының бірқатар өтініштері сауал жолдауға себеп болған. «Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім жылдан жылға өсіп келеді. Алайда, ең төменгi күнкөрiс деңгейi еліміздегі зейнеткерлердің қажеттiлiктерін қанағаттандырмайды. Өйткенi оның бекiтiлген мөлшері (17 439 теңге) нақты тұтыну қоржынын толтыру үшiн жеткiлiксiз», - дейді Х. Валиев. Оның айтуынша, еліміздегі ең төменгi күнкөрiс деңгейiнің 60 пайызын азық-түлік өнімдері, ал 40 пайызын азық-түлiк емес тауарлар құрайтын тұтыну қоржынының ең төменгi құнына сүйене отырып анықталады. Азық-түлiк емес қоржыны коммуналдық қызметтердiң төлемақысын, киiм-кешекке, көлiкке және басқаларға кететін шығындарды қамтымайды.
«Сонымен бірге, коммуналдық төлемақы құны жыл сайын ұлғайып келеді. Еліміздің солтүстік өңірлерінде жылыту маусымы республика бойынша ең ұзақ әрі ең қымбат болып табылады. Осы орайда, тұтыну қоржынының азық-түлiк емес бөлiгіне қатысты бағаларды ескере отырып, ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң мөлшерін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң ұлғайтылуы қосымша мемлекеттiк көмектi алушылардың санын азайтып, сұранысты ұлғайтады. Бұл өз кезегінде, тауар өндірушілердің қызметіне оң әсерін тигізері анық», - деді сенатор. Сонымен қатар, ол Кеден Одағына мүше мемлекеттерде ең төменгi күнкөрiс деңгейi біздің еліміздегіден екi есе жоғары екенін де еске салды.