Ең төменгі жалақыны 1,5 есеге өсіру - отбасы бюджеті үшін әжептәуір көмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысында Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланды. Сол жерде партиялар өз ойларын ортаға салды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышевтің айтуынша, ең төменгі жалақыны көтергенде азық-түліктің бағасын бақылауда ұстаған жөн. Себебі ондай бастамалар қолға алынса, xалық көп тұтынатын тауарлардың құны да өсуі мүмкін. 

«Президент ең төменгі жалақыны 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Негізі, ол - отбасы бюджеті үшін әжептәуір көмек. Бірақ азық-түліктің бағасын қадағалаған жөн. Әйтпесе, жалақы көтерілсе, оның артынан азық-түліктің бағасы да өсуі мүмкін», - дейді Т.Қуанышев.

Оның ойынша, қазірден бастап азық-түлік бағасының саясатына қатысты нақты шараларды қолға алу қажет. Қадағалау органдарын күшейтіп, осы жұмысқа қоғамдық ұйымдарды кеңінен тартқан жөн.  

Айта кетейік, бүгінгі отырыста «Бірлік» партиясы «7-20-25»-ті жандандырудың тың жолын да ұсынды.

Ал отырыс аясында ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген «Атамекен» палатасының төрағасы Абылай Мырзаxметов салықтық амнистия кезінде қанша кәсіпкердің айыппұлдан босатылатынан жариялады.

Сондай-ақ, 600 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесі қай салаға берілетінін жеткізді.