Ең төменгі жалақыны белгілеудің жаңа әдісі айқындалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде ең төменгі жалақыны белгілеудің жаңа әдісі айқындалып жатыр. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті.

Еске салайық, жалпы отырыста «Ең төменгі жалақыны белгілеу рәсімін жасау туралы конвенцияны (26-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Министрдің сөзіне қарағанда, былтырғы жылы елімізде ең төменгі жалақы стандарттарына қатысты зерттеулер жүргізіліп, қазіргі таңда бұл жұмыс толық аяқталған. Бұл зерттеулерге атсалысқан ұлттық және халықаралық сарапшылар өз ұсынымдарын да әзірлеген. «Конституциямызда ең төменгі жалақының стандарты болуы тиістігі айқындалған. Сондықтан да, бізде еңбек жалақысын белгілеудің бірыңғай механизмі бар деп айтуға болады. Бұл экономиканың барлық салаларындағы жұмысшыларға қатысты. Ал ерекше еңбек жағдайына тартылған, денсаулығына зиянды салада жұмыс істейтін тұлғаларға қатысты мөлшер ең төменгі жалақы стандартынан сәл жоғары болады», - дейді министр Т. Дүйсенова. Оның айтуынша, зерттеулер негізінде ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеудің төрт түрі қарастырылған. «Біз жақын аралықта бұл ұсынымдарды жұмыс тобына шығаратын боламыз. Жұмыс тобы мақұлдағаннан соң ол қоғам талқысына шығарылатын болады», - дейді министр.