«Ең ұзын лағман»: жаңа рекорд орнатылмақ
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 1 мамыр — Халықтар достығы күніне орай Алматының көп ұлтты аудандарының бірі – Жетісу ауданында ерекше шара өтеді.
Ұлттық тағамдарды насихаттап, ұлттар арасындағы бірлікті нығайту мақсатында «Қазақстанның ең ұзын лағманы» әзірленіп, жаңа Қазақстан рекорды тіркелмек.
— Шараға Жетісу ауданының тұрғындары, түрлі этнос өкілдері белсене қатысады. Бұл бастама халқымыздың ұлттық құндылықтары мен көпэтносты қоғамның татулығын дәріптеуді көздейді. Лағман — әртүрлі ұлт өкілдері сүйіп жейтін тағам, сондықтан бұл рекорд ортақ мәдени мұраның белгісі болмақ, — делінген Алматы қаласы әкімдігі хабарламасында.
Іс-шараны Жетісу ауданы этно-мәдени орталықтары ұйымдастырып отыр. Рекорд Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері қатысуымен ресми түрде тіркеледі.
Айта кетелік топай асық жинаған ақтөбелік коллекционер Гиннесс рекордтар кітабына енгісі келетіні туралы жазған едік.