Сарапшының сөзінше, жаңа Конституция соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалардың заңды жалғасы саналатын.
– Біз Конституцияның өзгеруі туралы ғана емес, мемлекеттің институционалдық дамуының жаңа кезеңі жайында айтып отырмыз. Қазақстан бұл кезеңге біртіндеп әрі жүйелі түрде қадам басуда. Мемлекеттік институттарды жаңғырту билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог арқылы жүзеге асты. Оған кейінгі референдумдарға қатысушылардың көрсеткіші дәлел бола алады, – деді сарапшы.
Александра Перминованың пікірінше, маңызды саяси шешімнің қоғам қолдауына ие болуы маңызды.
– Мемлекет реформаларды азаматтардың пікіріне сүйене отырып жүзеге асырып келеді. Сондықтан қабылданған шешімдер өміршең деп айтуға негіз бар. Мұндай тәсіл ауқымды саяси өзгерістер кезеңінде аса өзекті, – деді Александра Перминова.
Оның айтуынша, қазіргі реформа тек Конституцияны жаңартумен шектелмейді. Негізгі құжат елдің бүкіл заңнамалық жүйесін жетілдіруге бағытталған.
– Бүгінде жаңа институттардың қызметін реттейтін конституциялық заңдар қабылданды. Конституция саяси жүйенің негізгі қағидаттарын белгіледі: Құрылтайдың, Халық кеңесінің, вице-президент институтының және өзге де мемлекеттік органдардың нақты қалай жұмыс істейтіні айқындала түсті, – деп толықтырды ол.
Сарапшы конституциялық өзгерісті мемлекеттік жүйені кезең-кезеңімен дамытудың эволюциялық жолы ретінде бағалады.
– Бұл – революциялық өзгеріс емес, кейінгі жылдары жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан даму бағыты. Мұндай тәсіл халықаралық және өңірлік сын-қатер кезінде елдің тұрақтылығын сақтай отырып, саяси жүйені біртіндеп жетілдіруге мүмкіндік береді, – деп қосты спикер.
Сонымен қатар сарапшы Конституциялық реформаны жүзеге асыру кезеңі енді басталатынын атап өтті.
– Алдағы айларда Құрылтай сайлауы өткіп, жаңа мемлекеттік институттар жасақталады, вице-президенттің кандидатурасы айқындалады. Яғни Қазақстан Конституцияда белгіленген қағидаттарды нақты басқару тетіктеріне айналдыру кезеңіне қадам басып отыр, – деді маман.
Ата заң арқылы мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі қалыптаспақ. Александра Перминованың пайымынша, жаңа басқару жүйесінде заң шығару бастамасын ұсынатын субъектілердің қатары кеңейеді.
– Заң шығару бастамасы Президентке, Парламент депутаттарына, Үкіметке және Халық кеңесіне беріледі. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінің теңгерімді әрі тиімді болуына ықпал етеді, – деді Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институтының директоры.
Ол сондай-ақ елдегі саяси үдерістің жандана түсетінін айтты.
– Партиялық жүйе жаңарып, мемлекеттік органдарда кадрлық өзгерістер болады, бірқатар маңызды институттардың жаңа құрамы қалыптасады. Мұның барлығы Қазақстандағы ауқымды саяси жаңғырудың бір бөлігіне айналады, – деді ол.
Сөз соңында Александра Перминова Конституцияның тиімді нәтжие көрсетуіне әсер ететін факторларды атады.
– Ең жауапты кезең енді басталады. Ендігі маңыздысы – жаңа конституциялық нормалардың іс жүзінде қаншалықты тиімді орындалатыны. Қазақстанның саяси жүйесінің алдағы дамуы осыған тікелей байланысты, – деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Ата заң күшіне енді. Бұған дейін Жаңа Конституциядан кейін қоғам өмірі қалай өзгеретінін жаздық.