Еңбегіңе қарай, зейнетің...
Екі жылдан кейін, яғни, 2017 жылдың шілде айынан бастап зейнетақы мөлшері жинақтаушы жүйеге қатысу өтіліне байланысты анықталады. Мәселен, жалпы еңбек өтілі 10 жыл және одан кем болса, базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейі көлемінің 50 пайызына тең болады. Ал еңбек өтілі 10 жылдан көп болған жағдайда, әрбір толық жыл үшін базалық зейнетақы 2 пайызға өсіп отырады. Сөйтіп, базалық зейнетақы мөлшері 20 жылда - 70 пайыз, 35 жылда - 100 пайыз күнкөріс деңгейіне теңестіріледі.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа тұжырымдама зейнетақы төлемдері мөлшерінің барлығына және Қазақстан Республикасындағы зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығына кепілдік беру мақсатында жасалып отыр. «Ол мемлекеттің, қызметкер мен жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейте отырып, зейнетақымен қамсыздандырудың қолданыстағы көпдеңгейлі жүйесін сақтап қалуды көздейді. Басты тұжырымдамалық өзгеріс қолданыстағы жинақтаушы жүйесін жұмыс берушілердің қызметкерлердің пайдасына міндетті бес пайыз жарналары есебінен қалыптасқан жаңа шартты-жинақтаушы компонентімен толықтыру», - дейді министр.
Зейнетақы жүйесіне қатысушы әрбір тұлғаның атына дербес зейнетақы шоты (қазіргі жинақтау шотына қосымша) ашылып, онда жұмыс берушілердің жарналары тіркеліп отырады. Жұмыс берушілерден түсетін жарналар капиталдандырылмайды және жекелеген адамдардың меншігі болмайды. Ол жағына алаңдаудың қажеті жоқ. Ал, зейнетақы мөлшері жұмыс берушінің 5 пайыздық жарналарының есебінен қалыптасатын жинақ негізінде айқындалады. 2018 жылдан бастап жұмыс берушілер жұмыскерлер табысының 5 пайыз мөлшерінде жарна төлеп отырады. Зейнетақы өмір бойы төленеді. Айта кетерлігі - зейнетақы төлемінің бұл түрі азаматтардың жүйеге қатысу өтілі 5 жылдан кем болмаған жағдайда тағайындалады.
2043 жылға дейін зейнеткерлік жасқа келетін ынтымақты, сол сияқты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі толық емес азаматтардың зейнетақысы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейінгі қатысу өтілі ескеріле отырып есептеледі. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем зейнеткерлер үшін төлемнің мөлшері базалық зейнетақының қазіргі мөлшерінен төмен болмайды.
Жаңа жүйедегі бірінші компонент - зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға олардың еңбек өтілі мен жалақысына қарамастан, бірдей мөлшерде республикалық бюджет қаражатынан мемлекет төлейтін базалық зейнетақы. Зейнеткерлікке 2043 жылдан кейін шығатын адамдардың базалық зейнетақысы жинақтарына байланысты есептелмек. Яғни, қанша қаржы жиып үлгердің - қарттықта көрер зейнетің соған байланысты болады. Ал қазіргі уақытта базалық зейнетақы республикалық бюджет қаражатынан зейнеткерлердің еңбек өтілі мен еңбек ақысына қарамастан, барлығына бірдей төленуде. Демек, алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс жаңа жүйе зейнеткерлердің бұған дейін жасаған жұмысын әділ бағалауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, 2015 жылға бекітілген ең төменгі зейнетақы мөлшері - 23 692 теңгені, базалық зейнетақы - 11 182 теңгені құрайды.
Бүгінде зейнеткерлік жасы ерлерге - 63, әйелдерге 2018 жылға дейін зейнеткерлік жас - 58 жас деп белгіленген. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы кезеңімен ұлғайып отырады.