Еңбек биржасы арқылы 124 мың азамат жұмыс тапты
11:46, 12 Шілде 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек биржасы арқылы 124 мың азамат жұмыс тапты. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жұмыспен қамтудың келесі бағыты – азаматтардың еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарына жолдау. Жартыжылдық қорытындысына сәйкес, 124 мыңнан астам азамат аталған бос жұмыс орындарына орналастырылды. Олардың 62 пайызы ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс, өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамтылып отыр. Бұл бағытта зейнетақы аударымдарының көрсеткіші жақсы. Бірақ, еңбек шарттарын еңбек биржасына тіркеу кешеуілдеп жатқанына өңір әкімдерінің назарын аударғым келеді», – деді Тамара Дүйсенова.
Премьер-Министрдің орынбасары Мемлекет басшысының өңірлерде тұратын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында 123,7 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін, онда 151 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылғанын атап өтті.
«Бұл ретте Жамбыл мен Ұлытау облыстарының назарын еңбек шарттарын еңбек биржасына тіркеу жұмыс өте баяу екендігіне аударғым келеді. Жалпы, бұл облыстарды жұмысты жандандыруымыз қажет», - деді ол.
Астанада еңбек қауіпсіздігі талабын елемеген нысандардағы құрылыс жұмысы тоқтатылғаны хабарланды.