- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған шаралар кешенін іске асыру ескерілген. Нормативтік жетілдіру шеңберінде 321 мемлекеттік еңбек инспекторының өкілеттігі мен функционалын күшейту жоспарланды. Кәсіпорындарда тікелей қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын еңбекті қорғау жөніндегі 16 мыңнан астам техникалық инспекторлардың қызметі жетілдіріледі, - деді А. Ертаев.
Оның айтуынша, өндірістік кеңестердің қызмет механизмдерін жетілдіру және жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысуын кеңейту арқылы 18 мың өндірістік кеңестің жұмыс тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
- Кадр даярлаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша Бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құру көзделген. Еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен білімді тексеру рәсімдерінің аражігін ажырату жоспарланды. Бұл жұмыскерлердің дайындық деңгейін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Процестерді цифрландыру аясында Бірыңғай цифрлық жүйеге білімді прокторингтік онлайн-тексеру механизмін, сондай-ақ тексеру нәтижелерін апелляциялық қарау рәсімін енгізу көзделіп отыр. Оқыту ұйымдары және Бірыңғай цифрлық жүйеде оқудан өткені туралы сертификаттарды тіркеу қамтамасыз етіледі. Бұл оқыту процестерінің ашықтығын арттыруға, даярлау сапасын бақылауды қамтамасыз етуге және жалған құжаттарды беру жағдайларын жоюға мүмкіндік береді, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Асқарбек Ертаев 480 мыңға жуық адам еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтінін айтты.