Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметіне қарағанда, заң жобасы Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Құжат Қазақстан Республикасының еңбек қатынастары саласындағы заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленді.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне мыналарға бағытталған нормалар қарастырылған:
— еңбек саласындағы ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау бойынша еңбек заңнамасының қағидаттары мен кепілдіктерін толықтыру бөлігінде жұмысшылардың заңды мүдделерін сақтау;
— жергілікті атқарушы органдардың өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, мемлекеттік еңбек инспекциясымен, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерін бекіту;
— соңғы жұмыс күні уақытша еңбекке жарамсыздық немесе әлеуметтік демалыс кезеңімен сәйкес келген кезде оны анықтау тәртібін нақтылау;
— жұмыскердің ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуіне жұмсаған уақытына ақы төлеуді ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде белгілеу;
— жұмыс берушінің жұмыскерге еңбек жағдайларының өзгергені туралы жазбаша хабарлау міндетін белгілеу;
— мемлекеттік еңбек инспекторлары үшін еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік саласында біліктілігін жүйелі түрде арттырып отыру міндеттемесін енгізу;
— еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқықтарын бекіту.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына жергілікті басқару органдарының еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету міндетін белгілеуге бағытталған нормалар енгізіледі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Еңбек министрлігі әлеуметтік қызметтерге бақылауды күшейтпек.