Еңбек қауіпсіздігін сақтамайтын кәсіпорындардың өндірісі 1,5 жылға тоқтатылуы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еңбек қауіпсіздігін сақтамай, жұмыскерлердің жарақат алу оқиғалары жиі болатын кәсіпорындардың өндірісі 1,5 жылға тоқтатылуы ықтимал.

Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Қазіргі уақытта заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары ҚР Парламентінде талқылану үстінде.

«Жұмыс берушіге қатысты жауапкершіліктің деңгейі жұмыскерлердің жарақат ауырлығына байланысты. Оның деңгейіне қатысты нақты әкімшілік айыппұл белгіленген. Біздің ұсынған өзгерістерге сәйкес, оның көлемі 200 АЕК-ке дейін болады. Бірақ бұндай оқиғалар тағы тіркелсе, өндірісті 1,5 жылға дейін тоқтата тұру жазасы қарастырылады. Міне, осындай толықтырулар күтілуде, олар қазір Парламентте қаралып жатыр», - деп атап өтті министр.