Еңбек қауіпсіздігі: жыл басынан бері 59 жұмысшы қайтыс болды

Фото: Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр елімізде 45 жұмысшы жазатайым көз жұмған. Биыл мамырда оның саны 59-ға жеткен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті. 

«Биыл 1 мамырдағы мәлімет бойынша ел аумағында 59 адам қайтыс болды. Былтыр бұл көрсеткіш 45 болатын. Бүгінгі айтылып отырған еңбек қауіпсіздігі тұжырымдамасы өз нәтижесін береді деп ойлаймын», - деді Төлеген Оспанқұлов елордада өткен «Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік» атты халықаралық конференция барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Одан бөлек, комитет төрағасы жұмысшылардың өмірін сақтандыру мәселесін қозғады. 

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Бүгінде мекемелердің 62%-ы жұмысшылардың өмірін сақтандырған. Қазір елімізде 7 сақтандыру компаниясы бар, біз олардың жұмысына мониторинг жүргізіп отырмыз. Министрлік 2024-2030 жылдарға арналған еңбек нарығы тұжырымдамасын әзірледі, соның ішіндегі жаңашылдықтардың бірі – міндетті сақтандыру», - дейді ол.

Айта кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясының мәліметі бойынша, өлім құрылыс саласында жиі кездеседі.

Бұған дейін комитет басшысы Майқайыңдағы апатқа қатысты тексеру барысымен бөліскен еді. 

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтар жайлы әрі лайықты өмір сүруі қанша табыс табуы керектігі туралы пікір білдірді.