Еңбек көші-қонына талапты күшейтіп, этникалық көші-қонды жеңілдетуге тиіспіз - М. Бақтиярұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еңбек көші-қонына талапты күшейтіп, этникалық көші-қонды жеңілдетуге тиіспіз. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Мұрат Бақтиярұлы мәлімдеді.

«Соңғы жылдары елге оралып жатқан оралмандардың азаматтық алудағы және елімізде тұрақты тұрудағы құқықтық, әкімшілік кедергілері көбейіп кетті. Атап айтқанда, мұндай кедергілер ел Үкіметінің 2012 жылғы №362 қаулысымен, 2014 жылдың №111 қаулысының негізінде жүзеге асып келеді. Бұл олардың атамекеніне қоныстануын қиындатып отыр. Бұл ретте қандастарымыздан оның азаматтығы, мемлекеттің жазбаша келісімі ретінде болуы мүмкін кету парағы, шетелге тұрақты тұру үшін рұқсатты растайтын басқа құжаттар мен келген елінде соттылығының бар, не жоқтығын растайтын құжаттар талап етіле бастаған. Ал келген елінен әкелінген құжаттарға сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдері мөр басып, мақұлдайтыны тағы бар», - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Оның сөзіне қарағанда, ондай екі түрлі құжатты әкелу қарапайым оралмандар үшін құқықтық тұрғыдан мүмкін болғанымен, іс жүзінде мүлдем қиын.

«Әрине, Үкіметтің аталған қаулылары елімізге сырттан келетін келімсектердің көші-қоны ағынынан туындайтын қауіп-қатердің алдын алу мақсатында қабылданғанын түсінуге болатындай. Бірақ, бұдан бұрын мұндай талаптар этникалық қазақтарға қатысы жоқ еді, бұған дейінгі Үкімет қаулыларының басым бөлігінде мәселе шетелдегі қазақтарға қатысты болған жағдайда этникалық қазақ өкілдерінен өзге деген тіркес арнайы қосылатын. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылдың көлемінде шетелдегі қазақтар мүддесі көбінесе ұмыт қалып, олардың құқықтық дәрежесі өзге шетелдіктердің дәрежесіне дейін құлдырап кетті», - дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Осыған орай, сенатор шетелдегі қандастарымыздың Қазақстанға келіп тұрақты тұруына кедергі болмасы үшін, Үкімет қаулысына «этникалық қазақтардан өзге» деген бір ауыз сөз тіркесін қосуды сұрайды. «Көптеген елдерде еңбек көші-қоны мен этникалық көші-қонға екі түрлі көзқарас болатынын айтады. Мәселен, біраз елде еңбек көші-қонының талабы барынша қатайған болса, керісінше этникалық көші-қонға барынша жеңілдіктер жасалады. Бізге де керегі осы», - дейді сенатор.