Еңбек көші-қонының заңдық негізі мығым болуы шарт - Мәжіліс спикері

АСТАНА. 27ақпан. ҚазАқпарат - Еңбек көші-қоны үрдістері тек қана сұраныстар мен ұсыныстар арқылы реттелмейді, оның заңдық негізі мығым болуы шарт.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында палата спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қаралып отырған заң жобасының маңыздылығына тоқтала келіп, құжатты екінші оқылымда мұқият қарау қажеттігін айтты. «Өйткені, біздің елде еңбек көші-қоны үрдістері тек қана сұраныстар мен ұсыныстар арқылы реттелмейді. Бұл үшін ең алдымен, нақты заңдық негізі болуға тиіс. Бұның бәрі еңбек миграциясы заңнамалық деңгейде реттелмеген кейбір елдерде орын алып отырған түрлі салдардан сақтануға септігін тигізеді. Ондай елдерде еңбек миграциясының салдары әлеуметтік қана емес, саяси сипат алып кеткені де байқалған»,-деді Мәжіліс төрағасы.

Бұл ретте спикер заңның нақты әрекеттерге мүмкіндік беруі тиістігін алға тартты. Естеріңізге сала кетейік, жиын барысында айтылғандай, бұл заң жобасының негізгі мақсаты - еңбекші көшіп-қонушыларды заңдастыру, сондай-ақ, жеке тұлғалардың шетелдік жұмыс күшін тартуына арналған рұқсаттар беру тәртібін жеңілдету бөлігінде көші-қон үрдістерін мемлекеттік реттеуді жетілдіру болып табылады.

Сонымен қатар, еңбекші көшіп қонушылардың жеке санаттарын тартуды реттейтін еңбек заңының, сондай-ақ салық заңының көшіп келушілердің салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғаларда жұмыс істегені үшін алған табыстарынан жеке табыс салығын төлеу бөлігіндегі орын алған олқылықтарды жою жоспарланып отыр.