Еңбек министрі өзінің қанша зейнетақы алуы мүмкін екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат кулуарында журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан дәл қазір зейнетке шықса қанша зейнетақы алуы мүмкін екенін сұрады.
— Мен 3 түрлі төлем алар едім. Өйткені жұмыс өтілім 1998 жылдан бұрын басталған. 16 жастан бастап, 10-сыныптан кейін жұмыс істедім. Сәйкесінше менде БЖЗҚ-да жинақталған ақша мен базалық зейнетақы бар, — деді ведомство басшысы.
Министр бұл төлемнің ақшаға шаққандағы сомасы қанша болатынын есептеп көрмегенін айтты.
— Сомасын есептеп көрмеппін. Бірақ бәрінікі сияқты болады. Дәл бүгін зейнетке шықсам, базалық зейнетақым минималды болар еді — 32 мың теңгенің шамасында. Ал базалық зейнетақының орташа мөлшері 47 мың теңге, — деді Светлана Жақыпова.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамтуға бөлінген 70 млрд теңге бюджетке кері қайтаруды жоспарлап отырғанын жазған едік.