Еңбек министрлігі биыл 10 мыңнан астам адамды сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарға үйретпек

Фото: Камила Мүлік

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев елімізде 2026 жылы сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша (слесарьлар, электр мамандары, газбен кесушілер және т.б.) 10 мыңнан астам азаматты даярлау жоспарланып отырғанын мәлім етті. Бұл туралы ол ведомствоның алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Ол келтірген деректерге қарағанда, Skills.enbek платформасы арқылы 100 мыңға жуық адам оқытумен қамтылады, 500 мың оқушы Enbek.kz сайтында жұмыс іздеу дағдыларына үйретіледі, ал 100 мың оқушы Mansap.enbek платформасында кәсіптік бағдарлау диагностикасымен қамтылатын болады.

2026 жылы технологиялық трансформацияның маңызды кезеңі «ЖИ негізіндегі Цифрлық жұмыспен қамту қызметін» толық ауқымды енгізу болмақ.

Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы бірыңғай цифрлық алаң болып табылады, онда қазірдің өзінде 900 мыңнан астам жұмыс беруші және 3,3 миллионнан астам жұмыс іздеуші тіркелген. 2025 жылғы статистика көрсеткендей, азаматтар онлайн режимге белсенді түрде ауысуда: проактивті және электрондық форматтарда 1 млн 37 мың жұмыс іздеуші (жалпы санның 91%), 891 мың жұмыссыз (97%) тіркелді, ал жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем 158 мың адамға тағайындалды.

- Министрлік 2026 жылы жұмыссыздықты тіркеуден оны ерте анықтауға және алдын алуға көшеді. Басты назар түлектерді, босатылатын жұмыскерлерді және зейнетақы жарналары тоқтатылған адамдарды мониторингтеуге аударылатын болады, - деді министр.

Сондай-ақ министр жұмыс берушілердің формалды қатысуын болдырмау үшін 2026 жылғы 1 сәуірден бастап субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға меншік нысанына қарай сараланған тәсілдер қолданылатынын айтты.

Сондай-ақ мемлекеттік бизнес-гранттарды беруді мониторингтеудің екі деңгейлі цифрлық жүйесі енгізіліп жатыр: бірінші деңгейде қаражаттың нысаналы пайдаланылуы қадағаланса, екінші деңгейде жобалардың ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен жұмыспен қамту деңгейі бағаланады. Бұдан бөлек, биыл мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған квоталарды белгілеу үдерісі толық автоматтандырылатын болады.

Осыған дейін Еңбек министрлігінің 2026 жылы жарты миллионнан астам адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырғаны туралы жаздық.