Еңбек министрлігі медиандық жалақы бойынша жасалған мониторинг нәтижелерін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда жалақыны көтеру мүмкіндігіне қатысты пікір айтты.
- Мен орташа жалақы тұрғысында айтып тұрмын. Бізде жалақы медиандық деңгейден төмен болмауы керек немесе одан жоғары болуы тиіс. Мұндай жалақы қазіргі кезде азаматтардың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді, - деді А. Ертаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, мониторинг елдегі 95 000 ұйымда жүргізіліп тұрады. Қазір соның 73 мыңында, яғни 76 пайызында медианды жалақы деңгейінде немесе одан жоғары сомада еңбекақы беріліп отыр. Қалғандарымен жұмыс жалғасады. Бұл ретте Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысын орындауға екпін қойылған.
Сондай-ақ ол республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде ең төменгі жалақы жыл сайын қайта қаралатынын айтты.
- Келер жылы есептеулерді бастау үшін еңбек өнімділігінің статистикасы шығарылуы керек. Менің ойымша, бұл көрсеткіш жыл сайын сәуір-мамыр айларының басында шығарылады және өзгертілген медиандық жалақының статистикасы жариялануы керек, - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.