Еңбек министрлігі бірыңғай жиынтық төлемге қатысты түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова бірыңғай жиынтық төлемге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру үшін салық органдарында тіркелудің жеңіл түрін көздейтін бірыңғай жиынтық төлем енгізу жоспарланып отыр. Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері бекітіледі, яғни әртүрлі әлеуметтік қорларға жарналарды өз бетінше есептеу қажет болмайды», - деді С. Жақыпова жұмыспен қамтылу мәселелерін реттейтін заң жобасын таныстыру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалаларда - 1 айлық есептік көрсеткіш (2019 жылы - 2 525 теңге), басқа елді мекендерде - 0,5 айлық есептік көрсеткіш (2019 жылы - 1 263 теңге) көлемінде.

Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу нәтижесінде бейресми жұмыспен қамтылғандар қатарындағы 500 мың адамның қызметін формализациялау көзделеді. Мұнымен қоса, 65,4 мың төлеуші патент және оңайлатылған декларация негізінде қолданыстағы салық режімінен ауысады деп күтілуде.

«Бірыңғай жиынтық төлем табыс алу мақсатында қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қолданылады, алайда олар: жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбау; жеке тұлғалар үшін жұмыс істеу, қызмет көрсету; жеке тұлғалардың тұтынуы үшін жеке қосалқы шаруашылықтан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сату сияқты шарттарды сақтауға тиіс», - деді Светлана Жақыпова.

Бірыңғай жиынтық төлем: сауда объектілерін қоса алғанда, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің аумағында қызмет көрсететін жеке тұлғаларға, тұрғын үйді қоспағанда, мүлікті жалға беретін жеке тұлғаларға, жеке практикамен айналысатын адамдарға, оралмандарды қоспағанда, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген адамдарға қолданылмайды.

«Жалпы алғанда, бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және медициналық мекемелерді таңдау құқығымен құны мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға жол ашады. Еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайда, жүктілігіне және босануына, бала асырап алуына, 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндікті қарастырады», - деп түйді вице-министр.

Айта кетейік, Бірыңғай жиынтық төлемді 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін енгізу жоспарланған.