Еңбек министрлігі қызметкерлерді жұмыста заңсыз ұстау фактілеріне жауап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат -ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова блогер және қоғам қайраткері Ғалым Байтұқтың аталмыш ведомство басшылығы қызметкерлерін жұмыста заңсыз ұстайтындығына қатысты сынына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байтұқтың пікірін оқыған жоқпын, сондықтан бұл тұрғыда ештеңе айта алмаймын. Бізде жұмыс режімінде еңбек қызметін жүзеге асыруға мониторинг жүргізіледі. Кешкі сағат 18:30-да ведомстводағы компьютерлер автоматты түрде өшеді. Егер де Үкіметтен шұғыл тапсырма келсе немесе Парламенттен жедел сауалдар болса, онда компьютерді қосуға тиісті өтінім жазылады», - деді вице-министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторинг тобының мүшесі Ғалым Байтұқ қызметкерлер құқығы үшін жүргізілген күрес жөнінде айтып берген еді.

Аталған топ қызметкерлерді жұмыста заңсыз ұстау фактілерін анықтау мақсатында түрлі мемлекеттік органдарға жоспардан тыс тексеру жүргізіп келеді.

«Біз Астана әкімдігін, өңірлерді және министрліктерді тексеріп шықтық. Тобымыздың хабарлауынша, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері қызметкерлерге қатысты бірқатар құқықбұзушылықтарға жол берген», - деді ол.